Өскеменде мерген журналистер анықталды

547
көрілім
Фотосурет автордікі

Қолына қалам алып, көгілдір экран ары жағынан ақпар таратып жүрген тілші қауымы бүгін өздерін жаңа қырынан көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Журналистер одағы ШҚО филиалының қолға алуымен өткен сайыста ерлермен қатар, нәзік жандылар да бақ сынады. Наурыз мейрамы қарсаңында әрі Ұлттық киім күнімен тұспа-тұс келіп, көбі қазақы нақыштағы киім киген. Арысы Абай облысын, берісі Катонқарағай, Самар, Ұлан аудандарын қамтыды. Айта кетерлік жайт, ұйымдастырушылар демеушілермен тізе қосып, жүлде қорын тағайындады. Журналистер одағы ШҚО филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлының сөзінше, қатысушылар саны өзі топшылағаннан гөрі едәуір мол. Жарыс төрешісі Ажар Төлеуқанова белгі бермей тұрып, ардагер журналист, облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы болған Уәлихан Тоқпатаев барлығын мерекемен құттықтап, бәйге алауын жақты.

– Бабаларымыз ақ білектің күшімен садақ тартып, жаугершілік заманда ұлан-ғайыр атырапты кейінгі ұрпағына аманат етіп қалдырып кетті. Ендігі тілеріміз сол, ел аман болсын. Бұл жебені бұрындары ел мен жерді жаудан қорғау үшін қолданса, бүгінде көшпенділер ойынында тек сәнге тартып жүрейік. Әр журналистің өзінің асқақ арманы болады. Елдің жоғын жоқтап, мәселесіне үңіледі. Сол арман жолында ойлағандарыңыз әркез орындала берсін, – деді ардагер журналист.

Бұдан соң төреші жарыс ережесін түсіндіріп, іріктеу кезеңі алдымен бұрымдылар арасында жалғасты. Ары қарай өтетіні – сегіз қатысушы. Бұдан соң ерлер адырна тартты. Қыздар екі топта өнер көрсетсе, азаматтар үш топқа бөлінді. Қызығы сол, ең жоғары ұпай жинаған қатысушы мен ең төмен ұпай алғандар өзара мықтыны анықтаса, әрі қарай 2-ші мен 7-ші, 3-ші мен 6-ші, 4-ші мен 5-ші орындар жұптасып, мергендер анықтала берді.

Нысананың қақ ортасына тигізгендері бар, жан-жаққа жүйесіз ұшып, ауа қармап қалғандары бар. Қорытындысында, қыздар арасында облыстық «Менің өлкем» газетінің штаттан тыс тілшісі Дидар Ерболатқызы, ерлерден облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Ынтымақ Толқын топ жарды. Жалпы жарыс нәтижесі төмендегідей:

Ерлер:

1 орын – Ынтымақ Толқын («Дидар» газеті)

2 орын – Серік Әбілхан («Дидар» газеті)

3 орын – Дархан Бердібек (Көкпекті аудандық «Жұлдыз» газеті)

Қыздар:

1 орын – Дидар Ерболатқызы («Менің өлкем» газеті)

2 орын – Аяужан Утеулинова («Рудный Алтай» газеті)

3 орын – Қымбат Мухамадиева («Менің өлкем» газеті)

Мерей Қайнарұлының сөзінше, сайыстың сәтті өтуіне демеушілер сүбелі үлес қосты. Айталық, 1 орынға – 50 мың теңге, 2 орынға – 30 мың теңге, 3 орынға – 20 мың теңге берілді. Журналистер қауымы ұлттық спортқа қолдау көрсетіп жүрген ұлтжанды кәсіпкерлер Әли Думанайұлы мен Дамир Асанұлына алғыстарын жаудырды.

Журналистер арасындағы бәсекелер мұнымен бітпек емес. Одақтың алдына қойған жоспары ауқымды. Футбол, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен турнирлер өтуі мүмкін. Мерей Қайнарұлы көп қатысушының алғаш рет садақ атса да, нысанаға дөп тигендерін көріп, «спорттың бұл түрі қанда бар екен» деп қорытты. 

Әділхан ЕСІМХАНОВ