Өскеменде оқушылар білім бәйгесінде бақ сынады

384
көрілім

«Ізгі ой» атты BIBLIOQUIZ бүгін Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған шара мемлекет қайраткері  Бердiбек Сапарбаевтің өмірі мен еңбек жолына арнап қолға алынды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, BIBLIOQUIZ жастардың ой-өрісін, білімін жетілдіруге бағытталған.
- Сайыс жеті сұрақтан құралған бес турдан тұрады (BIBLIOQUIZ:  «Tez-тест»,  «Бердібек белестері», «Тұлға тегеуріні», «Жарқын бейне әнменен», «7 сұрақ, 1 жауап»). Квиз арқылы жастар Б.М.Сапарбаевтың өлкеміздің дамуына сіңірген еңбегі туралы біледі, - деді кітапхана қызметкерлері.


Оқушылар осы жерде бар білімін төкті. Білмегендері өздеріне қажет мәліметтерді молынан алды. Ойын барысында қатысушыларға саяси тұлғаның қызметін жан-жақты ашуға көмектесетін кітаптар мен басқа да ақпарат көздері ұсынылды.
- Бір-біріне ұқсамайтын әр турдың сұрақтары қатысушыларға жаңа ақпаратты білуге мүмкіндік береді. Жалпы тақырыппен біріктірілген қорытынды тур сұрақтары логикалық тест түрінде берілді, - деді ұйымдастырушылар.
Колледж студенттерінен бастап, қала мектептерінің 9-10 сынып оқушылары осындай білім сайысы жиі өткізілсе деген тілек білдірді. Араларында естелік сыйлықтарға ие болғандары да бар. «Демалыс күні үйде омалып жата бергенше, көңілді ортада сергіп қайтқан әлдеқайда орынды» десті.