Өскеменде «Торпедо» хоккейшілері бүлдіршіндерді қуантпақ

330
көрілім

Осы жылдың соңғы айында Б.Александров атындағы Спорт сарайында «Торпедо» хоккейшілері жұмсақ ойыншықтар жинайды. Ойынға әр ерікті ойыншық апара алады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Жаңа жыл қарсаңында «Торпедо» хоккейшілері Ана мен бала Орталығындағы бүлдіршіндерге жанкүйерлерден жиналған ойыншықтарды сыйға тартып, «Казцинк» компаниясы атынан тәттілер табыстайды.

- Өкінішке орай кейбір балалар Жаңа жылды ауруханада қарсы алуға мәжбүр. Кейбіреуінің жанында ата-анасы болса, кейбірі отбасы мейріміне зәру, - дейді «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. - Акцияны дәстүрлі түрде үшінші жыл өткізіп келеміз. Әрине бұл шара қала тұрғындары мен «Торпедо» жанкүйерлерінің арқасында жүзеге асып отыр. Осы жылы да барлығыңызды қатысуға шақырамыз. Сіз Жаңа жылда балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлай аласыз!

Ойыншықтарды 21, 23 және 25 желтоқсанда өтетін «Торпедо» ойындарына алып келуге болады. Ойын аяқталып, соңғы сирена дыбысы шыққанда ойыншықтарды мұз айдынына лақтырасыз. Ойыншықтар бүлініп қалмас үшін жаңа және жақсы оралған болуы керек.

Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлайық!