Өскеменде Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиын өтті

449
көрілім

Бүгін облыс орталығындағы облыстық Драма театрында ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиын болып өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Шараға ШҚО әкімі Даниал Ахметов, ардагер-ақсақалдар, қоғамдық ұйым белсенділері, аймағымыздың барлық аудандары мен қалаларынан әкімдік өкілдері, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.

- Біз Көшбасшымыз — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты мақтан тұтамыз. Ол кісінің еңбегі арқасында мемлекетіміз егеменді ел болып, көптеген жетістіктерге жетті, - деді облыс әкімі. - Биыл Нұрсұлтан Әбішұлының жоғары мемлекеттік лауазымға ие болғанына 30 жыл толып отыр. Ол 30 жыл бойы дағдарыстар мен стереотиптерді жеңіп, нарықтық экономикада бәсекеге қабілетті іскерлік ортаны қалыптастыра алды. «Ұлы тарих – жарқын болашаққа жол ашады», - Елбасының бұл сөздерінде өз еліне, халқына деген шынайы махаббат және ертеңгі күнге деген сенім бар. Біз, қазақстандықтар тәуелсіз еліміз үшін аянбай еңбек етуіміз керек!

Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабев, Жұпар Ғабдуллина, ҚР еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, Мапруза Утуленова, In Coro, Лирио, Іңкәр вокалдық топтары Елбасының сөзіне жазылған және халық әндерін орындап, Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Шалқыма» хореографиялық ансамблі көрермен қауымның көңілін бір серпілтіп тастады.