Өскеменде Венгрия Елшісі Петөфидің кітаптарын студенттерге табыстады

397
көрілім

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері атақты ақын Шандор Петөфидің көрмесін тамашалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рона Отто Иван шара барысында сөз сөйлеп, ақынның өмір баянын айтып, туындыларын ұсынды.
- Бізді жылы шыраймен қарсы алған осы университетке алғысымды білдіремін. Петөфи өкінішке қарай қысқа өмір сүргенмен, керемет туындыларын жазып қалдырған. Оның өлеңдері халыққа рух беріп қана қоймай, ерекше сезімге бөлейді. Өз Отанының патриоты Шандор Петөфи 1848-1849 жылдардағы Венгрия көтерілісі сияқты тарихи оқиғаларға қатысушылардың бірі болды. Ол сөз бостандығы үшін де күресті. 1848 жылы 15 наурызда Петөфидің «Ұлттық әні» революцияның әнұранына айналған. Дәл осындай көрмемен Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларына барамыз, - деді Рона Отто Иван.
Шандор Петөфи – Венгрияның атақты ақыны, өзіміздің Абай және орыс ақыны Пушкин мәртебесімен тең.
19 ғасырдың бірінші жартысында романтизм өкілдері өз идеяларын көбіне француз ревалюциясынан алған. Шелли мен Байрон, Гюго мен Ламартин, Гейне мен Мицкевич және Петөфи солай жасаған. Петөфидің шығармашылығына бірнеше автор әсер етті және оның жұмысы басқаларды да шабыттандырды. Ақынның  өлеңдері көзі тірісінде-ақ аударылып, оның  өмірі туралы романы неміс тілінде жазылды, тіпті Гейне оған тәнтті болды.
Көрмені тамашалауға келген студенттер Петөфидің өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ ақынның 1000-нан астам шығармасын қамтитын жинағы қазақ тілінде жарық көрді. Ол туынды университеттің кітапханасына табысталды.
- Қазақстан және Венгрия ұқсас тарихи ерекшеліктері бар елдер. Сондықтан екі елдің ынтымақтастығы өзара түсінікке негізделген. Бұл тарихи тамыры ортақ екі халықтың достығының бір белгісі, - деді Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

Валентина ГЕОРГИЕВНА