Өскемендегі 35 мектептің асханасы жөндеуден өткен

281
көрілім

Облыс орталығындағы мектептердің асханалары жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Тамақ дайындау жабдықтарынан бастап, едендеріне дейін ауыстырылған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жобаға тапсырыс беруші Өскемен қаласының әкімдігі. Шаһардағы 35 мектепте жөндеу жұмыстарын жасауға 17 кәсіпкер келісім берген. Модернизациялау облыстық және қалалық білім басқармасының қатысуымен өткізілді.

– Бірақ қаладағы мектептердің барлығы дерлік модернизациялаудан өтті деп айта алмаймыз. 9 мектепте әлі байқау ұйымдастырылмаған. Алайда 2019-2020 жылдарға жоспарланған жоба бойынша күрделі өзгеріске енген асханаларға жабдықтар мен жиһаздар шейін алынды, – дейді ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова.

Айта кетейік, аталған жоба аясында мектеп асханаларын жалдаушылар енді он жылға дейін келісімшартқа қол қояды. Бұрын тек жеті жыл көлемінде еді. Алайда жалға алушы мектеп басшылығымен бірге асхананың өрт қауіпсіздігі, санитарлық жағдайы үшін жауап беруден жалтармайды.

Мамандардың сөзінше, асхана барлық жағынан оқушыларға ыңғайлы болу қажет. Оған ас мәзірінің құрамы мен бағасы да кіреді. Орташа есеппен бір балаға 309 теңге шамасында болуы тиіс. Сол сияқты әр оқушыға асханада 2,5 шаршы метр орын қарастырылады.

Модернизациялық жөндеудің жобалық сметалық құжаттамасы мектеп басшылығы мен әкімшілігі, мердігермен бірге дайындалған.