Өскемендегі кітапханада ұлттық ойындар ұлықталды

241
көрілім
Фото сурет Кітапхана ұжымынан

Облыс орталығындағы руханият ордасында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада Ұлттық спорт күніне орайластырылылып балалар мен ересектер арасында жарыс өткізілді. Ұлттық ойындар додасына қонақ ретінде мектеп оқушылары, түрлі мекеме қызметкерлері келіп қатысты. Наурыз қарсаңында өткізіліп отырған бұл шарада ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындарымыз ойнатылды. Атап айтқанда, келушілер қазіргі таңда көп ойнала бермейтін ләңгі, бестас сынды ойындарда бақ сынасып көрді.

Кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова Наурыз мейрамын кеңінен атап өту мақсатында кітапқа құмар оқырмандар үшін концерттік бағдарламалар мен түрлі бағыттағы шаралар өткізіліп жатқандығын айтты.

- Бүгінгі жарыс қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық спорттық ойындарымен бірге тоғызқұмалақ, асық ату және жаңаша түрде қолданысқа еніп келе жатқан бір ерекше түрі VR-асық ату ойындары бойынша өтті. Бұдан бөлек, өткен күндері «Тарих күні» және «Оюлар сөйлейді» атты шаралар ұйымдастырылды, - дейді ол.

Орынбасардың айтуынша, алдағы демалыс күндері Достық күні аталып өтіледі. Түрлі ұлт өкілдері баратын "Кел сөйлесейік" клубы мүшелерінің қатысуымен сұхбат жүргізіліп, әр тілдегі құттықтаулар әлеуметтік желі арқылы онлайн түрде көрерменге ұсынылады. Сондай-ақ алдағы аптада руханият ордасында балалар апталығы өткізіледі.

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ