Өскемендегі университеттер Ұлттық киім күнін атап өтті

253
көрілім

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен С. Аманжолов атындағы ШҚУ Наурызнамның бесінші күніне арналған Ұлттық киім күнін атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті басшылығы Ұлттық киім күнін ел бірлігі мен қазақылық болмысты сақтауға мүмкіндік беретіндігін жеткізді. - Бүгінгі таңда, модернизация дәуірінде ұлттық киім өз мағынасын жоғалтпайды. Бірақ өткеннің дәстүрлері мен қазіргі тенденцияларын біріктіре отырып, жаңа түсіндірмелерге ие болады, - делінген мәліметте.


Іс-шараға «Ақжүзік», «Абай», «English in Action» клубтары, Foundation және ШҚТУ студенттері, сондай-ақ Шығыс Қазақстан мұсылман ханымдары қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты. Шығыс Қазақстан мұсылман ханымдары қоғамдық бірлестігінің өкілдері ұлттық киіммен «Наурыз думан» әнімен өнер көрсетіп, «Шашу» рәсімін өткізіп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, қазақ халқының әдет-ғұрыптарын білуге арналған викторина өтті, түрлі музыкалық нөмірлер ұсынылды. АҚШ-тан келген оқытушы, Фулбрайт бағдарлама стипендиаты Колин Ламфиер іс-шараға белсенді қатысып, домбырада ойнады және «Қара жорға» биледі.   


Соңында аға буын жастарға бата беріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің мәнін түсіндірді, бұл өскелең ұрпақты тәрбиелеудің серпіні.
ШҚТУ – дағы «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» іс-шарасы ұлттық киімнің мерекесі ғана емес, сонымен қатар мәдени тәжірибе алмасу, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен құндылықтарын қолдау мүмкіндігіне айналды.
***


С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті де бұл күні қызықты бағдарламалар дайындап, білім ошағының ректоры Мұхтар Төлеген арнайы қатысты. Оқытушылардың да, студенттердің де киген киімдері мен таққан әшекейлері көздің жауын алады.
- Бүгін біз тек Наурызды тойлап қана қоймай, ұлттық кодты дәріптеп, қазақ халқының бай, терең тарихынан сыр шертеміз. Онкүндіктің ең ерекше күні деуге болады, - деді Мұхтар Әділбекұлы.
Ұлттық киім күнін тойлау кезінде университет қабырғасы ән мен жырға толды. Студент жастар домбырада ойнап, әйгілі «Қара жорға» биін биледі. Одан бөлек, қонақтарға ыстық, дәмді бауырсақ пен құрт беріліп, сүт қатқан шай ұсынылды. Ал, магистрант Айжан Үмбетова эко-ұлттық бұйымдар авторлық стартап жобасын көрермен назарына қойды.


- Мен бас киімдерді, сөмкелерді, әшекей бұйымдар мен төсек жабдықтарын ұлттық стильде қолдан жасаймын. Әр бұйымды бастамас бұрын оның мәнін зерттеп, ою-өрнектің этимологиясына үңілемін. Киелі мәдениетімізге осылай өз үлесімді қосамын деп есептеймін, - дейді шебер.
Тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Қалимолдина атап өткендей, ұлттық киімдер үшін әрқашан былғары, жүн, киіз, мата, асыл тастар мен металдар яғни, табиғи материалдар қолданылған. Ондай заттардан жасалған бұйымдар жайлылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, бұйым иесінің байлығы мен мәртебесін білдірген.


Қазір ұлттық киімді заманауи үлгіге бейімдеген жастарды көп көруге болады. Студенттер киімдерінде неғұрлым қазақи элементтерді қолдануға ұмтылады. Осылайша, этно-тренд дәстүр мен тарихи ерекшеліктің өзінше сақталуына ықпал етеді.