Өскемендік ақын Алтайдан Арқаға жаяу жол тартқан Ғалымжан Тоқтарға өлең арнады

1241
көрілім

Өскеменнен Астанаға жаяу жол тартқан Ғалымжан Тоқтарға мақсатын орындау үшін тағы 200 шақырымды артқа тастау керек. Кеше Екібастұздан асқан ол бүгін Ерейментау қаласына таяп қалды. Жанкүйерлері Ғалымжанға барынша қолдау білдіріп жатыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Павлодар қаласынан өткеннен кейін Екібастұзға жеттік. Ол жерде бізді жергілікті тілшілер қауымы қарсы алды. Ғалымжанның денсаулығы жақсы, өзін қалыпты сезінеді, – дейді Ғалымжанның зайыбы Еркегүл Мұқият.

Кеше Екібастұз аумағында Ғалымжан Тоқтар төпелеп жауған нөсердің салдарынан үстіне сулық киіп жүгіруге мәжбүр болыпты. Екібастұздан асқан ол түнде шатыр тігіп далаға қонған. Алайда жаңбыр суы шатырдан өтіп тынығуға кедергі келтірген екен.

Қандай кедергі болса да Ғалымжан алға қойған мақсатын орындаудан тайынбайды. Әдеттегідей күніне 70-75 шақырымды бағындырып келеді. Сәтін салса 50 шақырымнан кейін Ерейментау қаласына жетеді. Елордаға табан тіреу үшін 200 шақырым қалды, – дейді Еркегүл.

Бір қуанарлығы, қай өңірге табан тіресе де, желаяқ жігіттің жанкүйерлері табылып жатыр. Тіпті жанкүйлердің бірі — өскемендік ақын Құмар Зиятханұлы жігерлі жігітке жалынды жыр арнаған екен.

Ғалымжан қайсар жігіт құрыш табан,
Жездесіндей «ақ аюға» жұғыспаған.
Қолына микрофон, домбыра емес,
Аспан түстес айшықты ту ұстаған.
Қ
иырдағы хан ордаға жаяу шығып,
Аудиға отыруға тырыспаған.
Ешқандай кедергіге именбестен,
Алдыға жасай білді дұрыс қадам.
Байрақтың бетіндегі қыран сынды,
Қос қанатпен бұлттарды қылыштаған.
Біздің жақтың өр келген жігіттері-ай,
Күш-қуатын еліне бұрыштаған.
Алтайдың асқарынан қуат алып,
Ақмоланың төрінде тыныстаған.

Жанкүйерлердің осындай құрмет-қошеметтері Ғалымжанға ерекше күш-қуат береді. Бізді қолдаған, бізге тілекші қазақ жұртына зор алғысымызды білдіреміз, – дейді Еркегүл.

Естеріңізге сала кетсек, 26 мамыр күні Өскеменнен Елордаға аттанған Ғалымжан Тоқтардың мақсаты ЭКСПО-2017 көрмесін өз энергиясымен ұлықтап, жерді-жерлерге насихаттау. Оның артында көлікпен келе жатқан жұбайы Еркегүл Мұқиятқызы барлық сәтті бейнерегистраторға жазып келеді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ