Өскемендіктерге жылжымайтын мүлікті ХҚКО арқылы тіркеу тәсілі ұсынылды

820
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірдегі ХҚКО мамандарының сөзінше, қазір жылжымайтын мүлікті тіркеу ең танымал қызметтің бірі. Осы ретте арзан және жылдам тіркеу үшін ХҚКО-қа жүгінуге кеңес беруде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ол үшін ең алдымен ХҚКО-ға кезекті онлайн броньдау қажет. Броньды растау үшін ХҚКО-ға 20 минутқа ерте келген жөн. ХҚКО операторына келесі құжаттарды ұсыну қажет: Сатып алу-сату келісімшартының 2 данасын жасасыңыз: Мүліктің техникалық паспорты; Мүлік меншігіне құқық беретін құжаттар (сатушы тарапынан); Некеде болса, екі тараптың да жұбайының нотариус арқылы рәсімделген келісімі; Егер жылжымайтын мүлік құрылыс компаниясынан сатып алынатын болса, қосымша: сату жөніндегі шешім; сатып алушы некеде болса, нотариус арқылы жұбайының рәсімделген келісімі;

– ХҚКО-ға дайын келісімшартпен келулеріңіз қажет. Келісім-шартта міндетті түрде жылжымайтын мүліктің барлық сипаттамасы (ауданы, қабаты, пәтер нөмірі, кадастр нөмірі және басқа да техникалық сипаттамалары) көрсетілуі тиіс, - деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚо бойынша филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Заруетқызы.

Ал егер жылжымайтын мүлікті құрылыс компаниясынан алған жағдайда, ХҚО-ға компания өкілі келетін болса, келісімшартта оның аты-жөні көрсетілуі қажет. Егер олай болмаған жағдайда, келісімшартқа қол қоюшы, яғни компания директоры, директорлыққа тағайындалғаны жайында бұйрықпен ХҚО-ға өзі келеді.

– Естеріңізге сала кетейік, қызмет құны (тұрғын үй үшін) - 1 202 тг. Қызмет құны тұрғын үйден басқа жылжымайтын мүлік түрлері үшін (қойма, автотұрақ т.б.) ауданына қарай өзгереді. Егер тұрғын үй жекежай болса, қызмет құны өзгермейді, бірақ жер телімі және басқа да жекежай аумағындағы құрылыс нысандары үшін қосымша төлем жасалады. Қызмет көрсету мерзімі құжат тапсырған күнді есепке алмағанда – 1 жұмыс күні, – дейді мамандар.