Өскеменнің шеткі аймақтарына автобустар жете алмауда

327
көрілім

Өскемен қаласының іргесіндегі Нұрлы көш ауылының тұрғындары өткен аптаның соңғы күндері ауылдарына бірде-бір қоғамдық көлік келмегенін айтып наразы. «Жолаушылар көлігін басқару орталығы» автобустар не үшін қатынамай жатқанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

- Нұрлы көш — қалаға жақын орналасқан ауыл. Соның өзінде әр күн сайын таңертең №71 бағыттағы автобусты күтумен уақытымыз өтеді, - дейді наразы тұрғындар. - Мәселен 21 ақпан күні таңғы сағат 6.30-дан 8.00-ге дейін аялдамада автобус күттік. Ересектермен қоса бала-шаға 1 жарым сағат бойы аялдамада тоңып тұруға мәжбүр болды. Бірақ автобус келмеді. Жүргізушілер жолды қар алып қалғандығынан деп сылтауратады. Соның салдарынан 2 шақырымдай жаяу жүруге тура келеді.

Өскемен Жолаушылар көлігін басқару орталығының пайымдауынша, қалың қар салдарынан көлік жолының ені тарылған. Сондықтан қоғамдық көліктер қаланың шет жағына шыға алмайды.

- Қар тазаланбаған, автобустар жолға сыймайды, - дейді Жолаушылар көлігін басқару орталығының директоры Ольга Графкина. - Ол жермен әрине жеңіл көліктер жүре алады. Алайда жолдардың қардан дұрыс тазаланбауы автобус қозғалысына кедергі келтіруде.