Озатбек Ахметұлы: «Тебеннен тиын тауып отбасымды асырап келемін»

1025
көрілім

Қанымен тараған өнерді қасиетіне балаған Озатбек бүгінде өз кәсібін дөңгелек айналдырып отыр. Жұмыстың көзін тауып, кәсібін кәдеге жаратқан етікшінің өнімдеріне сұраныс еселеніп келеді. Жуықта Глубокое ауданының орталығында тұратын шебермен тілдесіп қайтқан едік.

Іс бастауға інісі себепші

1975 жылы Қытайдың Алтай өңірі Қаба ауданында дүниеге келген Озатбек Ахметұлы ата жұртқа 2006 жылы табан тіреді.

- Етік тігу өнері бізге нағашымыздан дарыса керек. Бала кезімізден нағашы атамыздың тарамыс тарап, етік тіккенін көріп өстік. Кейін келе дәм тартып ата жұртқа қоныс тептік. Енді осында келгеннен кейін санамда «Қалай күн көрем, қазақ еліне қандай үлес қоса алам?» деген екі үлкен сұрақ тұрды. Яғни мойнымда Отан және отбасы алдында жауапкершіліктің бар екендігін сездім. Сөйтіп 2007 жылы Глубокое ауданы Алтай ауылында алғашқы кәсібімді аяқ киім жамаудан бастадым, - дейді ол.

Кейіпкерімізге әкімдік қолдау танытып, жеке кәсіпкерге бір бөлмелі пәтер алып беріпті. Кейіннен аудан орталығына көшіп келген.

- Осында атбасын тіреген соң аудан әкімі тікелей өзінің қолдауымен жеке шеберханамда кәсібімді жалғастыруға мүмкіндік берді. Содан бері тебеннен тиын тауып отбасымды асырап келем, - дейді етікші.

Айта кетейік, Озатбектің бұл кәсіпке келуіне тағы бір себепкер - інісі Самғау болған. Самғау Қазақ еліне келген соң өз ісімен айналысу жайлы ағасына ой тастайды. Інісінің ынтасына риза болған ағасы бірден келісімін беріпті. Кейін біраз уақыттан соң қайта Қытайға жол тартқан. Ондағы ұйғыр азаматынан 15 күндей етік тігудің қыр-сырын меңгеріп шығады.

Ниеттенген адамға өнер үйрену көп уақытты қажет етпейтінін Самғау осы жерде дәлелдеп шықты. Қайта Қазақстанға оралып, ағасы Озатбекке етік тігудің бүге-шүгесін түсіндіреді. Содан бастап ағалы-інілі екеуі етік тігуді мықтап қолға алды. Самғау қазіргі таңда еліміздің бас шаһары Нұр-сұлтан қаласында кәсібін жандандыруды қолға алған. 2012 жылы «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 1 миллион теңге несие алып, тігін машиналарын сатып алған.

«Қысылған сәтімде қасымнан табылды»

Озатбек бүгінде Ақжол, Динара есімді екі баланың әкесі. Жанұясы үшін жар құлағы жастыққа тимей, еңбек етуден бір сәт жалыққан емес. Жұбайы Сәуле де тапсырыс көбейген сәттерде қолғабыс тигізеді. Үй жұмысынан артқан уақытын шеберханаға арнаған жұбайының бұл пысықтығына отағасы дән риза. 12 жасар Ақжол да сабақтан тыс уақытында әкесіне көмегін тигізеді екен. Ұрпағын сөзбен емес, іспен тәрбиелеген әкенің тәрбиесін көріп көңіліміз марқайып қайттық.

- Қысылған сәтімде қасымнан табылған жанұяма алғысым шексіз! Осы кәсібімнің қызығы мен қиындығын бала-шағамамен бірге көріп келем. Бүгінгі күнге жетуімнің өзі отбасымның арқасы, - дейді Озатбек.

Қазіргі уақытта оза шапқан Озатбектің айы оңынан туып, ісі ілгері басуда.

- Бізге тапсырыстың көбі көрші ауылдар мен іргелес аудандардан түседі. Кей кезде қала жақтан да ағылып кісілер келіп жатады. Сол кездерде үлгермей абыр-сабыр болып жататыным бар. Таңнан түнгі сағат 2-3 ке дейін етік тіккен күндерім де болған. Аяқ киімнің көбін арнайы тапсырыс бойынша тігемін. Тұрақты клиенттерім күн санап артып келеді. Себебі тапсырыс беруші аяқ киімнің материалын толықтай өздері таңдайды. Және біздегі өнімдер таза құрымнан тігілетіндіктен аяқ киімдер дым тартпайды, жылы болады, - дейді етікші өз өнімінің сапасына сенімді түрде жауап беріп.

Сәні мен сапасы жарасқан аяқ киімді аудан әкімі арнайы келіп сатып алады екен. Етіктердің бағалары да халықтың қалтасына қарай қолжетімді. Ересектер мен әйелдер аяқ киімінің бағасы 10-15 мың теңге айналасында болса, балалар аяқ киімі 7-8 мың теңге. Аяқ киім таңдағанда оның бағасына емес, жасалған материалына баса мән беру керектігін етікші қадап айтты. Шебер тек аяқ киім тігумен ғана айналыспайды. Кілт, белдік жасаумен де айналысуда. Сұқбат алып отырған біз анадайда ілулі тұрған «Ақжол» маркалы белдіктерді көзіміз шалды.

- Қазір заңды түрде меншіктеген маркам жоқ. Қаржы мәселесі аяққа тұсау болып тұр. Бірақ болашақта кеңейткелі отырған шеберханамның атын да, одан шығатын өнімдердің маркасын да ойлап қойдым. Ол «Ақжол» деп аталады. Қазірдің өзінде халықтың көзі үйрене берсін деген ниетпен өнімдерімнің біраз бөлігіне «Ақжол» деп өрнектеп жатырмын. Аса төзімділікті қажет ететін бұл кәсіп бірден нәтиже бермейтіндігі белгілі. Қазақтың «Ерінбеген етікші болады» деген тәмсілі де осыған қаратыла айтылса керек. Бүгінде көп сандымыз тігіншілікпен айналысуға батылы жетіп бара бермейді. Олар бірден байығысы келеді. Бірақ әр кәсіптің өз бастауы, дамуы және шарықтау шегі болады, - дейді ол.

Шебер аяқ киім материалдарының басым бөлігін шетелден енгізеді екен. Көбісін Түркия мен Ресейден алдырыпты. Бір өкініштісі, шикізаттың отанында отырсақ та аяқ киім материалдарын өндіретін өнеркәсіптің аздығы көңілге қаяу салғандай. Кәсіпкерлеріміз шарасыз шетелдің үстеме бағадағы материалдарына мұқтаж болып отыр.

Озатбектің өнімдеріне тұтынушылары оң бағасын беруде. Алғыс айтқан көптің бірі - Нәбиолла Жұмақан.

- Озатбектің қолынан шыққан аяқ киімдерін алып келе жатқанымызға міне биыл 5 жылдан асты. Сапасы да, бағасы да лайықты. Қандай етік керек екенін айтсақ болды, ойлағанымыздай етіп тігіп береді. Шебердің өнімдері үлкен цехтардан шығатын аяқ киімдерден сапа жағынан артық болмаса кем емес, - дейді Нәбиолла Жұмақан.

Озатбектің өнімдері аудан атынан көптеген көрмелерге қатысып, өзіне лайықты бағасын алып жатыр. Кейіпкеріміз алдағы уақытта ісін әрі қарай дамытып, етік тігетін цех ашқысы келеді.

Біздің анықтама

Егер Озатбек Ахметұлының аяқ киімдеріне тапсырыс бергілеріңіз келсе мына нөмірге хабарласуларыңызға болады: 8(708)-517-56-96.

Таунар ҚАЙРАТ

Фотосуреттерді түсірген автор