Президент: Мәселе жұмыссыздықта емес - мамандықтың жоқтығында

530
көрілім
Фотосурет - Zakon.kz сайтынан
Қазақ базарға затын апарып сатып, табыс табуды намыс көреді. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

- Біз осы жылдардың ішінде елді, әсіресе қазақты бизнеске үйретіп келе жатырмыз. Қазақ атамыз базарға барып бірдеме сатуды, затын апарып, табыс табуды намыс көреді. Басқа халықтар кәсіпкерлікпен айналысып, баяғыда байып кеткен. Сондықтан біз үшін бұл қажет. Бір жағынан мемлекеттің тұрақтылығы бизнеске байланысты. Орта шаруа адамдардың өз ісі, үй-жайы, жағдайы болатын болса, онда ол осы мемлекеттің, заңының тұрақты болуын қалайды. Отансүйгіштік содан басталады. "Туған жерін сүйе алмаған, сүйе ала ма туған елін" деген сөз бар, - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы бүгінде мемлекет бизнесті дамытып, оған жан-жақты жағдай жасап келе жатқанын, салық көлемін төмендеткенін баса айтты.

- Ішкі жалпы өнімнің жартысын іс адамдары әкелсін деп отырмыз. Ал соған жетсек, мемлекет тұрақты болады. Талай айтып жүрмін. Дүниедегі төртінші экономика Германия ІЖӨ-сінің 90 пайызын шағын және орта бизнес береді. АҚШ-тың 70-80 пайызын шағын және орта бизнес береді. Кеше біз сараптап қараған кезде оның ауқымы соңғы 2 жылда төмендеп кеткен. Баға төмендеді, өйтті-бүйтті дейді. Оның бизнеске қандай қатысы бар? Мұнайдың, темірдің, көмірдің бағасы төмендесін, алайда бизнестің жұмысы басқа ғой. Бір шаруасы болмай жатса, келесісіне ауысады. Яғни, иілгіш жүйе. Іспен шұғылданатын адам әл-ауқатын жаман деп айта алмайды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР Президенті елімізде білікті мамандардың жоқтығын да баса айтты.

- Мәселе жұмыс орнында емес - маманда. Егер де сен кірпіш қалай алмасаң, құрылысқа барып қалай жұмыс істейсің?! Машина жүргізе алмасаң қалай рөлге отырасың. Бүгінгі мәселе жұмысссыздықта емес - мамандықтың жоқтығында. Нұротандықтардың барлығына айтарым, сол үшін талай нәрсе жасадық. Ең бірінші, мамандықты жастарға мемлекет арқылы ақысыз береміз дедік. Сол қалай жүріп жатқанын "Нұр Отан" партиясы жергілікті жерлерде қарауы керек. Кеше 148 мың бала орта мектепті бітірді. Біршамасы университетке, қалғаны колледжге түседі. Басқасы өз шаруасымен шұғылданады. Соның ішінде қалатындар да бар. Неге қалады? Өйткені, ешқандай мамандығы жоқ. Мүмкін баяғыдай мектептің жоғары сыныптарда еңбекке баулу керек шығар. Ауылдарда ауыл шаруашылығы техникасына, қалаларда басқа мамандықтарға. Сол жағын ойластыруымыз қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.