Рәміздер күні: ШҚО-да ту мен елтаңба белгіленген алып шар ұшырылды

393
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірде коронавирус пандемиясына байланысты Мемлекеттік рәміздер күніне орай 5 мыңнан астам адам қамтылған іс-шаралар онлайн өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, мереке қарсаңында Өскемен қаласындағы мектеп оқушылары арасында «Бұл менің - Туым!», «Бұл менің - Әнұраным!», «Бұл менің - Елтаңбам!» тақырыптарында эссе жазу және сурет салу байқаулары жарияланған. Сондай-ақ шаһар жастары «Менің рәміздерім - менің мақтанышым» интернет-акциясы аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің фонында түскен фотосуреттерін әлеуметтік желілерге салды.

Мемлекеттік рәміздер күні әнұран айтудан басталды. Осыдан кейін Қазақстан тауының бөктерінен ту мен елтаңба бейнеленген шар ұшырылды. Бұдан бөлек, Ертіс өзенінің бойында 40 туы бар қайықтардың шеруі өткізілді.

Ал Семейде патриоттық әндердің онлайн-байқауы өтті. Аудандарда «Менің туым - менің мақтанышым» флеш-мобы, Мемлекеттік рәміздер көрмесі, онлайн-викторина ұйымдастырылып, этномәдени бірлестік мүшелері әзірлеген бейнеролик көрсетілді.

Nur Otan партиясының «Менің Туым, Менің Отаным» атты акциясының аясында еліміздің көк байрағы сауда орталықтары мен оқу орындарына, алаңдар мен көшелерге ілінді. «Менің туым» акциясы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің балкондарына 223 Мемлекеттік ту орнатылды.