Риддерлік Артем Резников АСА жекпе-жек лигасының финалында төбелеседі

995
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

«Осының жекпе-жегінен мемлекет мүддесіне қандай да бір келіп-кетер бар ма?» деп жатты кей оқырмандар. Бірақ бұл жігіттің төбелесі көшедегі бей-берекет жұдырықтасу емес, жүйелі дайындықпен келген сауатты қимылдар. Жерлесіміз Артем Резников Ресейде өткізілетін АСА Гран-Приінде қазір рет-ретімен жеңіп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көпшілікке мәлім, қазір әлемдегі ең беделді жекпе-жек ұйымы деп UFC-ді айтып жатады. АҚШ-та ұйымдастырылатын айқасты ауызының суы құрып тамашалайды көп адам. Бірақ өзіміз сөз еткен АСА жекпе-жек ұйымы да әлем бойынша осы UFC мен Bellator-ды былай қойсақ, жер-жаһанның мықтылары келетін дода. Жуырда риддерлік Артем Резников Мәскеуде өткен жекпе-жек кешінде жергілікті Андрей Кошкинмен жолықты.
Көптеген спорт мамандары екеуінің шама-шарқын бірдей деп қарады, кездесу тартысты болады деді. Бірақ іс жүзінде басымдық бірден байқалды. Бұл жартылай финал еді. Резников оған дейін 23 рет жеңіске жетіп, алты мәрте жеңілістің дәмін татып үлгерді. Қарсыласының 22 кездесуде ұтып, жетеуінде жол бергені бар. Кейін анықталғандай, Артем жекпе-жекке ауырып шыққан. Сондықтан алдына тек мерзімінен бұрын жеңу межесін қойғаннан басқа амал қалмады. Себебі, барлық раундта бір қарқынмен арпалысып шығу мүмкін емес. Сөйтті де екінші раундта «солтүстік-батыс» деп аталатын әдісті жасауға кірісті. Алдымен Кошкинді жығып, әрі қарай тұншықтыра бастады. Бұл тәсіл қашан да Резниковтың оң жамбасына келген. Осы кезде спортшының қыбыр етпей қалғанын көрген төреші іске араласып, жекпе-жек мерзімінен бұрын тоқтатылды. Жерлісіміздің әкесі де сол жаққа арнайы барып, ұлының жеңісіне куә болды. Ал Артемнің АСА ұйымының финалындағы қарсыласы – ресейлік Эдуард Вартанян. Өте мығым. Енді қос спортшы миллион доллардың иесін анықтамақ.