Семей қаласы Жаңа жылды қарсы алуға жергілікті бюджеттен 3.4 млн теңге бөлді

435
көрілім

Семей қалалық әкімдігі Жаңа жылды қарсы алу мақсатында жергілікті бюджеттен 3.4 млн. теңге бөлді. Мереке қарсаңында жеке кәсіпкерлердің мен белсенді жастардың бастамасымен қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтың тілшісі.

– Осы жылы Семей қаласының Орталық және Мұхтар Әуезов атындағы алаңға жаңажылдық шырша орнатылады. Осы жұмыстар үшін бюджеттен 1789 620 теңге қарастырылды. Білім беру мекемелерінде балаларға арнап жаңажылдық қойылымдар даярлаймыз. Сонымен бірге балалар мен жастардың Шығармашылық сарайында 27 желтоқсан күні көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған қала әкімінің мерекелік шыршасы өтеді, - дейді Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов.

Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, мерекеге орай 25 бала Президент шыршасына және 10 оқушы 24 желтоқсан күні Өскемен қаласында өтетін облыс әкімінің шыршасына қатысады.

– Қазіргі уақытта орталық алаңда өтетін «Жаңа жыл-2020» мерекелік бағдарламасының жобасы әзірленуде. Бағдарламаға сәйкес шыршаның салтанатты жағылуы өтеді. Шаралар аясында 31 желтоқсан күні театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар мен қала әкімінің құттықтауы болады, - деді Нұржан Есенжолов.

Айта кетейік, жаңажылдық отшашуларға жергілікті бюджеттен 1 млн теңге бөлінген.