Семейде өрт сөндірушілер жер үйдегі тілсіз жауды ауыздықтады

353
көрілім

Семей қаласындағы жеке тұрғын үй аумағында тұрған көлікжай, жаздық асүй мен монша қызыл жалынға оранды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Жалпы аумағы 80 шаршы метрді құраған тілсіз жау көлікжай мен жазғы ас үйдің шатырын шарпыған.

Кешкі сағат 22.00-де №2 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлеріне хабар келіп түседі. Шұғыл түрде жасақталған 2 автоцистерна көлігі мен 8 адамнан құралған  өрт сөндірушілер тобы оқиға болған жерге аттанған.

- Алдын ала келіп түскен мәліметтерге сүйенсек, пешті пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамағандықтан, сонымен қатар электр тоғының қысқа тұйықталуынан өрт шыққан, - дейді арнайы мамандар.

Оқиға орнында өрт сөндірушілермен қатар апаттық-құтқару мамандары да жұмыс атқарған. Себебі апат орын алған кезде үйдің шатырындағы электр сымдарының кернеуінен 380 вольтті көрсетіп тұрды. Жанындағы үйдің аумағына тарап кетпес үшін, «ШҚ АЭК» апаттық-құтқарушылары үйді тоқтан ажыратып тастаған.

Тілсіз жау 1 жарым сағаттың ішінде ауыздықталды.