Семейлік алаяқ «сатып аламын» деген сылтаумен тұрғындардың бағалы заттарын ұрлаған

3260
көрілім
Шартты фотосурет

Қаңтар айының басында Семей қалалық Әуезов полиция бөлімінің «102» арнасына әйел адам қоңырау шалып, хабарландыру сайты арқылы бейтаныс біреу «сатып аламын» деген сылтаумен тонын ұрлап алғандығын жеткізген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, 37 жастағы семейлікке бейтаныс әйелдің жымысқы әрекеті 70 мың теңге шығын келтірген.

– Дәл сол күні осы тақылеттес жағдаймен 25 жастағы бойжеткен шағымданды. Оған да бейтаныс әйел хабарландыру сайты арқылы хабарласып, сатып алуды желеу етіп, алтын бұйымдарын қолды қылған. Өзінің сөзінше, келтірілген шығын мөлшері 75 мың теңгені құрайды, – делінген департамент ұсынған мәліметте.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Қылмыстық полиция қызметкерлері 32 жастағы әйелді құрықтап, полиция бөліміне жеткізді. Күдікті кейін істеген ісін толықтай мойындаған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.