Семейлік самбошылар Әлем чемпионатында жүлдегер атанды

466
көрілім

Семейлік спортшылар Ташкент қаласында өткен самбо күресінен жастар және жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Байрақты бәсекеде Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының қос спортшысы күміс және қола жүлдеге ие болып, тұғыр сатысынан көрінді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жасөспірімдер арасында сынға түскен Есентай Имаханов 60 келіде күміс, Шалқыбек Рахметоллаев жастар арасында 74 келіде қоладан медаль тақты.

Есентай мен Шалқыбекті спорт академиясының бапкерлері, спортшылары Семейдің теміржол бекетінен күтіп алды. Есентай ақтық белдесуде орыс балуанымен жол түйістіріпті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді ғой. Қарсыласының бағы шауыпты. Есентай бар жоғы 1:0 есебімен ұтылған. Ал Шалқыбек қолаға таласқанда әзірбайжандық қарсыласын қапы қалдырған. Айта кетейік, қыркүйек айында Үндістанның Нью-Дели қаласында самбо күресінен өткен Азия чемпионатында Есентай Имаханов алтыннан алқа тақса, Шалқыбек Рахметоллаев үздік бестіктен көрінді.

Әлбетте, спортшылардың жеңісі бапкердің біліктілігіне байланысты. Бұл ретте Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының директоры Мерейғалы Көшкінов бастаған бапкерлердің еңбегін айта кету ләзім. Ташкент төрінде өткен әлемдік додаға спортшыларды Мерейғалы Қойшыбекұлының төл шәкірттері - Қайрат Күнсафин мен Біржан Имаханов баптап апарған еді.

Семей спорт академиясының баспасөз қызметі.