Сенат депутаты ШҚО-да литий кен орнының табылуына қатысты ой білдірді

129
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Сенат депутаты пайдалы қазбаның нақты қай аудан аумағында шоғырланғаны туралы әлі нақты ақпарат жоқтығын, жұмыс барысы айқындалғанда ресми мәлімет ұсынылатынын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі ретінде де ол республика бойынша қатты пайдалы қазбаларды игеру мәселесі өзекті саналатынын жетізді. Оның айтуынша, сәуір айының 23-і күні дөңгелек үстел ұйымдастырылып, түрлі компаниялардың кен орындарына дұрыс барлау жүргізу барысын талқылайды. Бұл ауқымды жұмыстың тек алғашқы кезеңі саналатын көрінеді.

– Бүгін өтіп жатқан жиынға түрлі кәсіпорын басшылары жиналып отыр. Шығыс Қазақстан бойынша геологиялық барлауға қатысты нақты ақпарат ұсына алатын жандар. Дала жұмысы басталмас бұрын қазылатын аумақ зерттеліп, қандай әдіс қолданылатыны алдын ала әзірленуі тиіс. Депутаттар кен орнын іздеп табу, бұрғылау тәсілдері мен статистикалардан хабардар болады. Геологиялық барлау бір-екі жылда аяқталатын жұмыс емес, ондаған жылдарға созылады, – деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Осы ретте облыс көлемінде литийдің мол қоры табылды деген ақпаратқа жауап берді. Себебі, осыны естіген аймақтағы кей тұрғындар іштей пайымдап көріп, ол жер Катонқарағай ауданының аумағы болуы мүмкін деген болжам жасады. Бірақ Сенат депутаты мұны растаған жоқ.

– Дөп басып айту қиын. Бұл сирек кездесетін металл болғандықтан барлау барысы әлі пысықталады. Әлдеқандай ақпар шықса, уақтылы хабарланады. Геология комитеті компаниялармен ұдайы ақпарат алмасып отырады, – деді жауапты тұлға.

Әділхан ЕСІМХАНОВ