Шемонаиха қаласында дүкендер мен сауда орталықтарында баннерлердегі қатеден көз сүрінеді

993
көрілім

Мұндай олқылықтар өңір бойынша әр шаһарда, әр ауданда түрліше қайталанып отырады. Сақау жарнама һәм сауатсыз аударма. Алдымен жанарға жас келмейді, күлкіден езу жиырылады. Бір-екі рет дауыстап оқыған соң «Мемлекеттік тілдің мәртебесін таптап, жасалған ескертуден сабақ алудың орнына қашанғы келеке етіп жүре бермек?» деген ызаға толы сауал туындайды. Иә, сөз етіліп отырған ауданды құлағы шалған оқырман кеткен әріп қатесіне көз жұма қарап, жарнамалардағы сәтсіз аудармаларға ден қойып, назарға алмаулары мүмкін. Әйтсе де Шемонаиха қаласында баннерлер мен тақтайшалардағы жазбалар аудан әкімдігінің пікірін тыңдап, көзге оттай басылған жарнамаларды жалпақ жұртқа жария еткізбей қоймады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көз сүріндірер жазбалар

Шыны керек, мақала ішінде фотосурет түрінде ұсынылатын қателер «Тіл туралы» заңнын осалдығын бетке басып тұрғандай. Мәселен «Маусымдық әйелдер мен ерлерге арналған бас киімдері» деген сөйлем бір қарағанда еш күдік тудырмасы анық. Ерлердің бағы бар екен дейміз осы кезде, сөз тіркесінің соңында қаз-қалпын сақтап тұр. Ал нәзік жандыларға келгенде немқұрайлық танытып, белгілі бір маусымда ғана өмір сүретін адамдар тобырына жатқызғандай. Егер «маусымдық әйелдер» деп жекелей қарастырсақ, естір құлаққа ерепейсіз, көзге оғаш көрінеді. Орысша тікелей аудармасы «сезонные женщины». Айтудың өзі беттің арын бес төгуге итермелейді-ау?! «Ерлер мен әйелдерге арналған маусымдық бас киім» делінсе, әлдеқайда орынды, себебі расымен де ол қыс мезгілінде киетін бас киімдер. Ал орышасы дұп-дұрыс. Жемес астан үмітті болып, «мені қашан түзетеді?» деп қанша уақыттан бері күтіп тұрған қазақ тіліндегі сөздер мен әріптер. Қазір қала көлеміндегі тұрғындар саны – 17977 адам. Түрлі өнімдерімен, заттарымен шемонаихалықтарды қамтамасыз етіп тұрған 215 дүкеннің бірқатарына әралауан қажеттілік бойынша бас сұғады. Бір-бір қабырғадан өздеріне еншілі орындарын алған баннерлер мен тақтайшалардағы ағаттыққа мойынсұнып, еттері үйренісіп кеткендей. Жалпы жарнама дейміз, дүкеннің атауы жазылып тұрсын, болмаса түрлі хабарландырулар ілінсін, оның дұрыс-бұрыстығына кім жауапты? Қадағалайтын біреу-міреу бар ма? Осының аражігін ажыратып алған жөн болар.

– Көрнекі ақпаратты жазуға нысанның меншік иесі жауапты. Егер кәсіпкерлер жаңадан ашылатын нысандардың маңдайшаларына ілінетін атау-жарнамалардың мәтінін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандарымен келістірген (мөрмен расталған) жағдайда аудармасына мәдениет бөлімі жауапты болады, – деді аудан әкімі Григорий Акулов.

«Тілдік қорды байыта түсті»

Әлбетте, аудан басшысының берген ақпараты қапысыз. Кәсіпкерлердің барлығы бірдей жарнама мен тақтайшалардағы жазудың дұрыс жазылуын қадағаламасы анық. Сол себепті белгілі бір уақыт аралығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары дүкен мен сауда орындарына бас сұғып, көздері шалған қатеге айыппұл арқалатар болса, баннерлердегі жазу ізін суытпай-ақ бір ізгі істің қолға алынғандығын байқатар еді. Кәуап болсын, қуырдақ па, әлде басқа тағам ба, алдымен отқа пісіріліп немесе қақталып барып әзірленетіні белгілі. Ал «Жалынға пісірілген тауықты» көргеніңіз бар ма?! Орысшасында «куры на огне» делінген. Ғалымдар, филологтар ана тілінің бай екендігін сан рет дәлелдеп, тіпті әлем әдебиетімен иық тірестіре алады деп талай мәрте баяндамада жасады. Дәл осы тікелей аудармадан тілдік қордың қорамсағына жаңадан сөз қосылған ба дерсің осындайда.

– Жыл сайын мәдениет бөлімімен дәстүрге айналған «Дұрыс жарнама» айлығы өткізіледі. Оның мақсаты – жарнама мәтіндерін, маңдайшаларды және басқа да көрнекі ақпаратты тіл заңнамасына сәйкестендіру. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен аудан тұрғындарына қызмет көрсету саласы бойынша жыл көлемінде бірнеше рейд өткізіледі. Анықталған бұзушылықтар ауызша ұсынылғаннан кейін жойылады. Құқық бұзушылардың тізімі жазаға тарту үшін прокуратураға жіберіледі, – деді аудан басшысы.

Тілдің қадірін қашырды

Прокуратураға жеткенше қай заман? Алдымен жауапты тұлғалар өрескел қатені өздері байқаса жөн болар еді. Жоғарыда мысал етілген қателердің жанында «конак үй», «дукен» деген жазбалар әлдеқайда сауатты көрінді. Айталық, «Ұялы салон», «Ақшалардың түрлі-түрлілігі» және тағы басқа қателер Шемонаиханың базарында иін тірестіріп тұр. Сонда ақшаның қандай «түрлілігі» болады? Әлде купюралардың түсіне қарап қызыл, жасыл түрлерін меңзеді ме екен? Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары болмаса да, базарға барып байқамай өте шығатын қазақ тілі пәнінің ұстаздары қайда мұндайда деген ойға қаласың. Қазақ тілінің қадір-қасиетін кетіруге олар неге немкеттік танытады? Енді осыған қарап қазақ тілінің бай екендігіне күмәнмен қарай бастайсың. Пысықайлар сөзбе-сөз аударамыз деп қазақ тілінің қадірін қашырып, әбден келеке етіп жіберген.

– Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аудан аумағында тіл саласын, мәдениет пен өнерді дамыту бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Сондай-ақ ҚР «Тіл туралы» заңының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Көрнекі ақпарат, маңдайшалар, хабарландырулар, стендтер, афиша-тумбалар, сонымен қатар билборд мәтіндерінің мазмұны Тіл туралы заңның 21-бабына сәйкес келуі тиіс деген аудан әкімі мәтіндердің жазылу реттілігін де ұсынды.

Қош. Маңыздысы бұл емес. Өзге тілдегі жазуларды айна-қатесіз жазып, қазақ тіліне келгенде шорқақтық танытатындары неліктен екен солардың? Сырттай қарағанда сын көз қалыптастырып, өздері ұсынған шимай-шатпақ аударманы жария еткеннен гөрі арнайы рейдтерден қорытынды шығармау мемлекеттік тілдің мәртебесіне жауапсыз, құлықсыз көзқарас танытпай ма?! Жалпы, дүкен, дүңгіршек, сауда үйлерінің қожайындары өздерінің қайда жұмыс істейтіндіктеріне бір сәт назар аударды ма екен?

Әділхан ЕСІМХАНОВ