ШҚО Достық үйінің 600 волонтері қарттар мен көпбалалы отбасыларға көмектесуде

484
көрілім

Төрткіл дүниеге қамысқа тиген өрттей тез тараған коронавирус кеселіне әлі де тосқауыл қойылмай тұр. Қауіпті дерт жайлаған қысылтаяң шақта тасада қалмай бұқараға бір кісідей көмектесіп жүрген волонтерлер де аз емес. Солардың бірі – ШҚО Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының еріктілері. Сайт тілшісі аталмыш орталық директорының орынбасары Равиль Юнусовпен сұхбаттасып көрген болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

? – Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының еріктілері төтенше жағдай кезінде қандай жұмыстар атқаруда?

– Жұқпалы індеттің жұрт арасында жылдам таралуын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде тиісті шараларды қабылдады. Өскемен мен Семей қалаларында 2 сәуірден бастап қосымша шектеулер енгізілген болатын. Сол сәттен бастап біздің еріктілер атқа қонды. Қазыналы қарттарға, көпбалалы жанұялар мен мүгедектерге азық-түлік жеткіздік. Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық маскаларды мұқтаж жандарға тараттық. Достық үйінде этномәдени бірлестік бар. Олар жан-жақтан қиындыққа тап болған жанұяларды анықтап, бізге ақпарат беріп отырды. Осындай сын сағатта қалайша тасада қаламыз?! Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет етсек алынбайтын қамал жоқ.

?– Жалпы осындай шараларға қанша волонтер тартылған?

– Облыс бойынша 600-ге жуық волонтер жұмыс істеуде. Өскемен қаласындағы еріктілердің саны 100-ден асады. Олардың қатарында түрлі этнос өкілдері кездеседі. Қазақ, орыс, белорусь, украин, татар, шешен, армян, әзербайжан тағы басқа ұлттардың жастары жұмыла жұмыс істеп жатыр. Біздің ұлтымыз әр түрлі болса да түпкі мақсатымыз біреу. Ол – қоғамға пайдамызды сіңіру, қарапайым халыққа көмек көрсету.

?– Волонтерлер жылында қандай жоспарларыңыз бар?

– Жалпы ойға алған істеріміз аз емес. Жастар арасында волонтерлікті насихаттап, қазір қатарымызда жүрген еріктілер үшін семинар-тренингтер өткізуді көздеп отырмыз. Апта сайын экологиялық сенбілікке шықпақпыз. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында жастарды ұлы ақынның мекені болған Жидебайға апару жоспарда бар. Сонымен қатар қайырымдылық шаралары мен түрлі флешмобтар ұйымдастырылады. Жыл соңында өзін жақсы қырынан көрсеткен үздік волонтерлер марапатталатын болады.

?– Ерікті болғысы келетін адамның бойында қандай қабілет болғаны жөн?

– Кез-келген адам волонтер бола алады. Бірақ ол үшін оның бойында мейірім мен жанашырлық сезімі болуы керек деп есептеймін. Айналасында орын алып жатқан сан алуан жағдайларға немқұрайлылық танытпай, біреуге көмектесуді азаматтық міндеті деп санаса құба-құп.

?- XXI ғасырдың жастары қандай болуы керек?

– Бүгінгі заман жастарының білімге құштар болғаны абзал. Мектеп пен университеттегі оқумен шектеліп қалмай, өзін үнемі дамытып отыруы қажет. Себебі білім артық болмайды. Көркем-әдеби кітаптарды көп оқуға тырыс. Таңдаған мамандығыңды ғана игеріп қоймай, басқа да салалардан хабардар болсаң – ұтпасаң ұтылмайсың!

Сұхбатыңызға көп рақмет!