ШҚО экологтары жылу таратудың басқа түрлерін ұсынуда

334
көрілім

ШҚО экология департаменті суық мезгілде мұржалардан шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жақын арада ғимаратарды жылытудың қандай әдістері қарастырылатынын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәліметке сүйенсек, дәл жылу берілетін кезеңде облыс орталығындағы ауаның ластануы артқан. Қыста ауада қою көк түтін, күкіртті сутегінің артық болуы да жиі кездеседі. Жыл басынан бері күкіртті сутегінің ең жоғары көрсеткіші Бажов көшесі, 195 мекенжайында тіркелді, артығы 10 ШМК-ны құраған. Сондай-ақ Грейдерная көшесінде де шектік көрсеткіш байқалған.

– Жеке ғимараттарда желдеткіш нашар, құбырлар төмен орналасқан. Жол картасына сәйкес облысты газдандыру мәселесін «Энергетика министрлігімен» бірге бірнеше жылдан бері көтеріп келеміз. Қазірдің өзінде бұл мәселемен сараптамалық топ жұмыс істеп жатыр. Ресеймен келіссөздер жүргізілуде. Рубцовск арқылы магистральды газ құбырына қосылу біз үшін оңтайлы шешім болып саналады. Тағы бір тиімді таңдау - жеке сектор үшін электр энергиясының бағасын төмендету мүмкіндігі. Қыс мезгілінде тұрғындар жеңілдікпен пайдалана алу мүмкіндігіне ие болар еді, – деді ШҚО экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, елімізде газдандыру бойынша ШҚО мен Павлодар облысы ғана артта қалған.