ШҚО кардиохирургтары көк тамыры жарылуға шақ адамға он сағат ота жасап, құтқарып қалды

539
көрілім

Өскеменде кардиохирургтар көк тамыры қабыршықтанып, жарылуға шақ қалған ер адамды құтқарып қалды. Пациент кардиологиядағы ең күрделі диагноздардың бірімен бар шұғыл түрде облыстық ауруханаға түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

51 жастағы ер адам өзін көшеде жайсыз сезініп, ауырып қалған. Бірақ көлігіне мініп, әйеліне қоңырау шалып үлгереді. Инфарктқа күдікпен жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген науқасқа коронарография жасаған кезде инфаркт диагнозы расталмайды. КТ зерттеуі пациентте аорта тамыры зақымданғанын анықтайды. Науқастың бүкіл көк тамыры жүрегінен жамбасына дейін зақымдалған.

Мұндай патологияда әдетте көк тамыр сөзсіз жарылып кетеді де, соңы өлімге әкеледі.

Науқас операция үстеліне жатқанда оның өмірі қыл үстінде тұрған еді. Кардиохирургтер Дастан Қадырбаев, Шыңғыс Балтабеков, анестезиолог Олжас Рахымғалиев және перфузиолог Әсет Нұрахатов түн баласында, он сағат бойы аяқтарынан тік тұрып, оның өмірі үшін күресті. Науқас жасанды жүрек айналымына қосылды, оның денесі Цельсия бағанасы бойынша 29 градусқа дейін салқындатылды. Ота барысында аортадан басқа, аорта кланапы зақымданғаны анықталады. Ол механикалық клапанмен алмастырылды. Дәрігерлер көк тамырдың  барлығын дерлік жасанды тамырға ауыстырды. Оң жақ артериядан тромб  (ұйып қалған кан) алынды. Операция бөлмесінен әбден шаршаған, бірақ өзідеріне риза  хирургтар бригадасы таңертеңгі сағат 8.00-де ғана шықты.

- Дәрігерлер мүмкін емес нәрсені жасады, - дейді ризашылық сезіммен науқас Болат Калиакперов. - Менің өмір сүруге мүмкіндігім өте аз болғанын білемін. Бірақ өзім үшін емес, жақындары мен балаларым үшін алаңдадым. Дәрігерлер мені құтқарып қана қоймай, туыстарымның көңілін орындарына түсірді. Осы түні мен үшін алаңдағандардың бәрінің – әйелім, ата-анам, балаларым, достарым, сыныптастарым, барлығының біздің қаламызда нағыз кәсіпқой дәрігерлер бар екеніне көздері жетті. Жас жігіттер болса да маман ретіндегі деңгейлері жоғары. Жай ғана ризамын деп айту аз. Осы аурухананың дәрігерлеріне, медбикелеріне, санитарларына алғысым шексіз!

Кардиохирург Дастан Қадырбаевтың айтуынша, операция айтарлықтай күрделі болды.

- Бұл күрделілігі бойынша жетінші, яғни қазір кездесетін ең жоғары деңгейлі ота, - деп атап өтті Дастан Қадырбаев. - Өкінішке орай, медицинаның барлық жетістіктеріне қарамастан мұндай патологиямен өлім көрсеткіші өте жоғары. Алайда біз бұл науқасты құтқара алдық.

Операциядан кейін екі апта өтті. Қазір науқас өзін жақсы сезінеді, дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалайды. Мамандардың айтуынша, ары қарай емдеу және оңалтуды ол оңалту орталығында өтеді.

Бір айта кетерлігі, науқас ауруханаға жедел түскендіктен оған жоғары технологиялы ота кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің аясында тегін жасалды. Ал ары қарай алатын ем-домы мен оңалту шаралары, азаматта сақтандырылған мәрбесі болғандықтан, МӘМС пакетінің шеңберінде ол да тегін көрсетіледі.