ШҚО Өнер музейі Павлодар облысында жылжымалы көрме ашты

379
көрілім

Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінің қорындағы туындыларынан құралған «AРT ЗАМАН» көрмесі ашылды. Бұл «AРT-ЗАМАН» музей жобасы "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Көрмеге қазақстандық суретшілердің 30-ға жуық кескіндеме, графика және гобелен техникасында салынған туындылары қойылды. Атап айтар болсақ, қазақстандық көркемсурет мектебінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтың, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы суретшілер Салихитдин Айтбаев, Бахтияр Табиев, Исатай Исабаевтың, сондай-ақ, Шығыс Қазақстандық Марат Жүнісов, Әлібек Шоқанов және Қайсан Қадырбеков сынды суретшілердің туындылары өзіндік қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленіп отыр. Алматылық суретші Мәлік Мұқановтың шеберханасында тоқылған гобелендер жұрттың назарын бірден өзіне бұрғызды.

- Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен Өнер музейінде «AРT-ЗАМАН» жобасы жүзеге асуда. Осы жобаны одан әрмен жалғастыру мақсатында Павлодар облысында жылжымалы көрме ұйымдастырып отырмыз. Көрменің ерекшелігі «AРT-ЗАМАН» жобасы негізінде музей қорына сатып алынған туындыларды Павлодар халқының назарына ұсыну. Бұндай мәдени шаралардың екі облысқа да берері мол. Тәжірибе алмасуымызға зор мүмкіндік тудырып отыр. Жоба тек ұлы суретшілердің туындыларына ғана арналған жоқ. Жергілікті сурет майталмандарының шығармашылығын да насихаттап келеміз. Өнер атаулы жалпы халыққа ортақ болғандықтан, ондағы құндылықтар да халыққа ортақ болмақ. Бұл жоба әлі де жалғасын табады, - деді ШҚО өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева.

Көрмеде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175-жылдық мерейтойына орай Нұрбұлан Өтепбаевтың заманауи графикалық техникада салынған Абайдың ең үздік портреті қойылды. Шараға Павлодар облысының жоғарғы оқу орнының студенттері, мектеп оқушылары, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері және қала қонақтары қатысты.

Кеш қонақтары ұсынылған көрмеден рухани ләззат алып, жоғары бағаларын берді. «Арт Заман» көрмесі 2019 жылдың 6 қарашасына дейін жұмыс істейді.

Таунар ҚАЙРАТ