ШҚО палуандары рейтингілік турнирде жүлдесіз қалды

406
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Алматыда өткен Болат Тұрлыханов Кубогі шығысқазақстандық еркін күрес шеберлері үшін сәтсіз аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі

Жарыстың соңғы күнінде 86 келіге дейінгі салмақтағы семейлік Азамат Дәулетбеков жарыс жолына шықты. Жанкүйерлер алтын медаль күтпесе де финалға жетеді деп күмән келтірмеді. Десе де ширек немесе жартылай финалда екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы Хасан Язданимен (Иран) жолықса, біршама қиын белдесу болатынын әу бастан топшылады. Солай болды да. Жартылай финалда жолыққан спортшылар бірден ашық шабуылға көшіп, Яздани ұпай алуын бастап кетті. Жерлесіміз алғаш рет белдесіп тұрған жоқ онымен, әйтсе де Иран елінің мақтанышы Азамат үшін әзірге алынбас қамал болып тұр. Жартылай финалда сүрінген жерлесіміз артынша кіші финалда Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фатих Ердинмен (Түркия) күресіп, тең дәрежеде өткен кездесуде 4:2 есебімен жол берді.

Ал оның алдында 125 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған риддерлік Олег Болтин де қола медаль үшін болған белдесуде моңғол мықтысы Лхагвагерел Мунхтурдан айласын асыра алмады.

Осылайша, дәстүрлі рейтингілік турнирді жерлестеріміз жүлдесіз аяқтады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ