ШҚО паралимпиадашылары Ақтөбеде жүлдені молынан иеленді

486
көрілім

Шығысқазақстандық спортшылар Ақтөбе қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы еліміздің V Жазғы спартакиадасында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының.

Бұл жолы аймақ құрамасы ұзын-ырғасы 18 спортшымен өнер көрсетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар сапында 900-ге жуық паралимпиадашы өз мүмкіндіктерін байқады. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «ШҚО мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық клуб» КММ тәрбиеленушілері қоржындарын түрлі медальдармен толықтырды. Нақтырақ айтсақ, спортшылар парапауэрлифтинг, үстел теннисі, жеңіл атлетика, парадзюдо сынды спорт түрлерінен тұғыр сатысына жайғасты.

Облыстың бірнеше дүркін чемпионы Алена Кутявина үстел теннисінен жекелей сында топ жарды. Осы сында Ұлан ауданының тумасы Ардақ Нұрмағамбетов жекелей есепте күміске қол созды.

Жеңіл атлеттер де жарады. Өскемендік Айғаным Ермекова 200, 400 метрге жүгіруде күміс, 100 метрге жүгіруде қола жүлде иеленді. Ольга Демченко 100, 200 метр қашықтыққа жүгіруде және ядро лақтыруда екінші орыннан көрінсе, Алтынбек Жұмабаев диск, найза және ядро лақтырудан күміс медаль алды.

Қос бірдей риддерлік Александра Ельчанинова мен Сергей Сулейменов ядро және диск лақтыруда жүлдегер атанса, семейлік Ержан Конкиев парадзюдодан 90 келіден жоғары салмақта қарсылас шақ келтірмеді. Тағы бір семейлік спортшы Марат Әлиасқаров 1500 метрге жүгіруде алтын, ал 800 метрге жүгіруде күміс жүлде еншіледі.

Жармалық Зарина Примак парапауэрлифтингтен 86 келіден жоғары салмақта күміс, семейлік Динара Құсайынова 79 келіден жоғары салмақта қоланы қанағат тұтты. Үстел теннисінен Алена Кутявина мен Анна Мазаева жұбы командалық сында үздік шықса, семейлік Айдана Сиязова жеңіл атлетика бойынша, оның ішінде диск, найза және ядро лақтырудан алдына қара салмай, үш алтын медальды мойынға тақты. Сондай-ақ ядро және диск лақтыру сынында өскемендік Серік Қабышев екі қола жүлдемен қоржынын толықтырды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ