ШҚО полицейлері жоғалған балаларды бір сағат ішінде тапты

593
көрілім
Шартты фотосурет

Наурыз айының 16-сы күні сағат 15:39-да Алтай аудандық полиция бөлімінің «102» жедел арнасына екі баланың жоғалғандығы туралы ақпарат түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кәмелетке толмаған баланың анасының айтуынша, күндізгі сағат 12:00-де сегіз жасар ұлы мектептен шығып, үйге оралмаған. Бұдан бөлек, тағы бір әйел он жасар ұлының сағат 12:00 шамасында сабаққа кетіп, бірақ белгісіз себептермен мектепке бармағандығы туралы өтініш білдірді.

– Аталған факті бойынша дереу іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Алтай аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы тез арада жоғалған баланы іздеуге кіріскен. Олар жертөлелер, шатырлар, кәріз люктері мен қараусыз қалған нысандарды тексерді, – делінген мәліметте.

Тәртіп сақшыларының жедел іс-әрекеттері нәтижесінде балалар үйден 5 шақырым жердегі «Вторушка» өзенінің маңынан табылды. Оларды іздеп табуға бір сағат уақыт кеткен.

– Балалар өзен жағалап ойнап, жолда адасып кеткен. Полиция қызметкерлері балаларды ата-аналарына тапсырды. Ювеналды полиция балалардың жоғалу себептері мен мән-жайда анықтауда, – деді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.