ШҚО салық қызметкерлеріне тергеу изоляторларында экскурсия ұйымдастырды

588
көрілім

Жуырда өңірдегі салық қызметкерлері үшін ОВ-156/1 мекемесіне экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қылмыстық-құқықтық статистика Мемлекеттік кірістер органдарында жасалған сыбайлас жемқорлық көріністерінің жоғары деңгейін көрсетеді. Мәселен, ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін кеден саласында 10 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркеді, олар бойынша 5 адам сотталды (оның ішінде: «Майқапшағай» кеден бекетінің қызметкерлері - 2, ШҚО МКД ЭТҚ ІІБ бойынша офицер қызметкері - 1, «Ер-Брок Семей» ЖШС кеңсе-менеджері - 1, «Евроазиятранс» ЖШС кедендік декларациялау жөніндегі маманы - 1).

Қылмыстық істер негізінен шекарадан өту кезінде жүктердің кедендік ресімделуіне байланысты. Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, шекара маңындағы кеден бекеттерінің қызметкерлері халық тұтынатын тауарлар мен жүктерді жедел және кедергісіз ресімдеу үшін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан жүйелі негізде пара алған.

– Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар серпіні салық қызметінің қызметкерлерін жауапкершілікке тартқаннан кейін бірнеше айға төмендейтінін көрсетеді. Осы орайда, бұл сала қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында, 2022 жылғы 15 маусымда ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірге облыстың Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері үшін ОВ-156/1 мекемесіне экскурсия ұйымдастырды. Бұл акцияның мақсаты – пара алып, пара бергендер жазаны қандай жағдайда өтейтіндігін көрсету, – деді экскурсияның басы-қасында жүргендер.

ОВ-156/1 мекемесінің қызметкерлері осы мекемеде ұстау шарттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Камералар, серуендеу алаңдары, медициналық блоктар – мұның бәрі уақытша қонақтардың қызығушылығын тудырды. Ешқайсының мұнда жемқорлар ретінде оралғысы келмейтіндігі айдан анық. Осы ретте біршамасының бойын үрей билегені рас.

– Бүгінгі таңда елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің жалпы төмендеу үрдісіне қарамастан, салық және кеден органдары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім салалар қатарында. Сондықтан бүгінгі экскурсия Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері үшін ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметкерлердің заң бұзу туралы ойлары болса, тікенді сымның артында тұрудың барлық атмосферасын сезінді деп ойлаймыз. Камераларда сән-салтанат жоқ. Тек темір кереуеттер, алюминий шыныаяқтар мен қасықтар, терезе торлары және қатаң күзетшілер. Дәл осындай жағдайда күдіктілер, айыпталушылар, сотталушылар мен сотталғандар күнін кешеді, – деп атап өтті ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің аға офицері Гүлнұр Бекбаева.