ШҚО самбошылары Азия чемпионатында атой салды

456
көрілім
Фото Семей спорт академиясы баспасөз қызметінен

Қыркүйектің 12-16 аралығында Үндістанның астанасы Нью-Дели қаласында самбо күресінен жасөспірімдер, жастар және ерлер мен әйелдер арасында өткен жауынгерлік самбодан Азия чемпионаты жерлестеріміз үшін сәтті аяқталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жарыста 21 мемлекеттен келген 300-ден аса спортшы бақтарын сынап, баптарын байқады. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрама командасынан 30-ға жуық самбошы қатысқан болатын. Отызға тарта оғланның ішінде Семей спорт академиясының үш спортшысы ұлттық құрама сапында ел намысын қорғады. Жасөспірімдер арасында сынға түскен Есентай Имаханов 60 келіде чемпион атанса, ересектер арасында Руслан Жарқынбаев 82 келі салмақта алтынға ие болды. 74 келі салмақта белдескен Шалқыбек Рахметоллаев үздік бестікке кірді.

Спорт академиясының бапкері Біржан Имаханов Азия чемпионатында төрешілік жасап, «Үздік төреші» дипломымен марапатталды. Айта кетейік, біздің спортшыларды үнді еліне Қайрат Күнсафин мен Біржан Имаханов баптап апарған болатын. Азия чемпионатын ел құрамасы 13 алтын, 7 күміс, 1 қола медальмен аяқтады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ