ШҚО шахматшылары республикалық турнирде жүлдегер атанды

327
көрілім

Шығысқазақстандық жеткіншектер елордада өткен «Astana Open – 2019» республикалық балалар кубогінің IV кезеңінде жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласында шілденің 9-19 аралығында өткен дәстүрлі сайысқа облыс атынан 10 бала барды. Тәжірибелі шахматшы, Азия чемпионы Алмагүл Чакееваның жетекшілігімен жеткіншектеріміз тоғыз турдан тұрған ауқымды аламанда өңір намысын абыроймен қорғады. Ашық республикалық турнирде 10 және 14 жасқа дейінгі қатысушылар жүлделі орындарды сарапқа салынды. Бапкер сөзіне сүйенсек, 10 жасқа дейінгі қатысушылар саны 278, ал 14 жасқа дейін 178 шахматшы өз қабілеттерін байқаған. Швейцариялық жүйемен өткен жарыс классикалық шахматтан өрбіді. Соның ішінде семейлік Ақылбек Жақсылық 14 жасқа дейінгі шахматшылар арасында үздік үштіктен көрінсе, Думан Садуақасов ересектер арасындағы рейтингілік турнирде бірінші орын иеленді.

Тұғыр сатысынан орын алған спортшыларға ұйымдастырушылар қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ