ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы жемқорлыққа қарсы комплаенс туралы мәлімет ұсынды

275
көрілім

Наурыз айының 16-сы күні ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерлан Жалмағамбет ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалымен бірлесіп, ZOOM платформасы арқылы квазимемлекеттік сектор өкілдері үшін «ISO 37001: 2016 сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі» тақырыбында семинар-тренинг өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараға ШҚО әкімі аппаратының өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері және ШҚО орталық мемлекеттік органдарының аумақтық бөлімшелерінің басшылары және квазимемлекеттік сектор субъектілері қатысты.

Семинар барысында ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы қазіргі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат азаматтық қоғаммен, оның ішінде парасатты бизнеспен серіктестік қарым-қатынастарға негізделе отырып, алдын-алуға «арқа сүйейтінін» атап өтті.

– Бүгінгі таңда әлемде корпоративтік парасаттылықты қамтамасыз етудің негізгі құралы тәуелсіз комплаенс қызметінің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау шеңберіндегі тиімді қызметі болып табылады, – деді Ерлан Жалмағамбет.

Мәселен, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда соңғы өзгерістермен квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарында корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қағидатты ұстанымы өңірдің квазимемлекеттік секторының барлық ұйымдарында комплаенс бөлімшелерін құру және олардың тиімді қызметі болып табылады.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тұрақты бақылауында және мониторингінде болады, ал ұйымдарда парақорлыққа қарсы күрес менеджменті жүйесін енгізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, бизнес-процестердің ашықтығын арттыруға, мүдделі тараптардың сеніміне және халықаралық іскерлік байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін болады.