ШҚО тұрғындары заңсыз сақталған 41 қару-жарақты ішкі істер органдарына өткізді

610
көрілім
Шығыс Қазақстан облысында республикалық акция аясында заңсыз сақталған оқ ататын қару, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды өткізу жалғасуда. Cәуір айының 10-нан бастап қазіргі уақытқа дейін өңір тұрғындары 41 қару-жарақты өткізді, деп хабарлайды buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО ІІД баспасөз қызметіне сүйене отырып.

Республикалық акция басталғалы бері ішкі істер органдарына 29 азамат жүгініп, заңсыз сақталған 41 қару-жарақты тапсырды. Оның ішінде: 3 иір, 38 тегіс оқпанды қару бар. Арнайы құрылған комиссия бұл қару-жарақтардың құнын 2 миллион теңгеге бағалады, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметі.

Айта кету керек, өз еркімен қару-жарақтарын өткізген тұрғындар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар, тапсырған қару-жарағы үшін әр адамға 10-100 АЕК көлемінде сыйақы берілмек. Тіркелмеген оқ ататын қару, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды ШҚО ІІД-нің кез келген аймақтық бөліміне апарып тапсыра аласыз.

Айбын Амангелдіұлы