ШҚО-да Арыс бүлдіршіндері алаңсыз демалуда

1605
көрілім

Өңіріміздегі Жаңа Бұқтырма кентіндегі демалыс базасында Арыс қаласынан келген 20 жеткіншек тынығуда, деп хабарлайды Бұқара.кз.

– Жарылыстан болған оқиғадан соң бізді Шығыс өңіріне тынығуға жіберді. Көңілдегі қорқынышты сейілту үшін еліміздің әр түкпіріне аяқ басып, жазғы демалысты жайдары көңіл-күйде өткізудің сәті түсті. Өскемен қаласына келгеніме қуаныштымын. Өзімізге таңсық шаһарға бой үйрете бастағанымызда табиғаты көз тартар осындай әсем жерге алып келді, – дейді Сұлтанбек Қожанов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Әсем Илехан.

Келген бүлдіршіндердің баршасы болған жайтты өткен күннің естелігіне жіберіп, едәуір бой үйретіп үлгерген. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ басшылығы жарылыстан жапа шеккен жеткіншектерге жазғы демалыстарын ойдағыдай өткізу үшін жан-жақты мүмкіндіктерді қарастырған екен.

Күн арқан бойы көтеріле балақайлар түскі астарын ішуге бет алды. Көңілдері шат-шадыман. Әр күнге өздерінше жоспар құрып, уақыттарын қызықты өткеруді сөз етіп, өзара шүйіркелесіп жатыр. Әңгіме барысында мүмкіндік болса әр жазда осы өлкеге келіп тынығуды тілге тиек етуде. Әлденіп алған соң бойкүйез бола бастаған бүлдіршіндер тәрбиешілер нұсқауымен қаражорға биімен бой қыздырып алды. Іле екі топқа бөлініп, достық тақырыбында сурет салды.

Маңыздысы сол, Бұқтырма көлінің жағасында хакім Абайдың өлеңдерін оқып, Шығыс өңіріне өздерінің құрметтерін көрсетті. Алдымен Шұғыла Мұқсым есімді бүлдіршін «Абай, Шәкәрім, Мұхтардай аталарымыз өмірге келген киелі өңірге аяқ басып, бір ауыз өлеңдерін оқымай, шығармаларынан бейхабар болсақ біз үшін сын болар» дей келе «Жүректе қайрат болмаса» өлеңін нақышына келтіріп айта білді. Ықыласпен оқыған ынталы жастан кейін өзге жеткіншектер Абай атамыздың төрт мезгілге арналған өлеңін бір демде оқып шықты.

Балақайлар тынығып жатқан жерге таяу маңда әскери кафедрада оқитын ШҚМТУ студенттері де жүр екен. Жазғы оқу-жаттығу жиынында жоспарланған тапсырмаларды орындауда. Кафедра әдіскері Талғат Мүшелбаевтың жетекшілігімен сарбаздар бір күндік өмірлерімен таныс етті. Арыс бүлдіршіндері қолдарына қару алып, әскери өмірді қызықтады.

– Өмірге деген белсенділіктері ерекше, – дейді Талғат Мүшелбаев. – Кешқұрым барлығы сарбаздарға арналған бөлмеге жиналып, түрлі фильмдер, қалаған көркем туындыларын тамашалай алады. Бұл жердің табиғаты жайлы жиі айтып жүреді. «Бала тілі – бал» дегендей, қылықтары да, айтар әңгімелері де біздерге үйреншікті болып кетті.

ШҚМТУ баспасөз қызметінің хатшысы Қарлығаш Қасымованың айтуынша, Арыстан келген меймандар аталмыш демалыс базасында тамыздың 14-не дейін болады. Ары қарай университет басшылығы жаңа оқу маусымына қажетті оқу құралдарын да алып беретін көрінеді.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ