ШҚО-да балаларға арнап тігілген сапасыз мектеп формасы жайлы ақпарат берілді

352
көрілім

Республикалық телеарнада аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін тігілген мектеп киімі жайлы сюжет шыққан еді. Облыс бюджетінен кешенді қолдау аясында жасалған шараның дауына байланысты облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова жауап берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жаңа оқу жылына дейін 33583 бала жергілікті тауарөндірушілер дайындаған мектеп киімімен қамтылу жоспарланған. Білім беру ұйымдары бұл үшін 17 аймақтық өндіруші компаниялармен 500,7 млн.теңгеге келісім жасады. Оның қатарында 5 ірі «ISNAR», «СЕМСПЕЦСНАБ», «Ақтұмар», «Ақ маңдай», «Юнис» сияқты ЖШС-лар бар. Бүгінгі таңда облыс бойынша тапсырыстың 80 пайызы орындалған.

Өскемен қаласының мектептеріне «ISNAR» ЖШС-мен 5040 балаға мектеп формасын тігіп беруге өзара келісімшарт жасасқан. Бірінші қыркүйекке дейін ата-аналарға киімдер тапсырылмақ.

Сайрангүл Жұмаділованың сөзінше, телесюжеттегі киім үлгісі «BURAK» сауда маркасымен тігілген. Яғни қазақстандық өндіруші емес. Өз кезегінде «ISNAR» ЖШС тауарларының сапа сертификаты бар.

– Телеарнада көрсетілген оқиға тек бір мектепке қана қатысты, оның өзінде ол облыстық бағдарламаға кірмейді. Сертификаттаудан өтпеген мектеп формасы облыс бюджеті есебінен берілмейді, – деді ШҚО Білім басқармасының басшысы.