ШҚО-да бірнеше бағыттағы жолдар жыл сайын қар құрсауында қалып келеді

347
көрілім
Шартты сурет

Өңір басшысы Даниал Ахметов ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының жұмысына көңілі толмай, жіберілген кем-кетіктерді сынға алды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Басқарма басшысы Нұржан Жұмаділовтың сөзіне сенсек, қыс маусымындағы ақ түтек боран құрсауында қалмауды алдын алу мақсатындағы әзірлік көрсеткіші – 91 пайыз. Алайда қыс маусымындағы алапат боран салдарынан талай көлік жолда қалып, құтқарушылардың көмегіне жүгінулері азайған емес. Жылда айтыла беретін жауаптан жауыр болған аймақ басшысы межелі уақытта жолдарды жауып, келеңсіз жайттарды болдырмаудағы нақты істерге көшуді талап етті. Статистикалық көрсеткіштерді жіпке тізіп айта бастаған басқарма басшысы Нұржан Сайлаубекұлының сөзін орта жолда бөліп, қашан нәтиже болатынын сұрады.

– Кейде күн райының бұзылатыны жайлы хабарламалар мен ескертулер кешеуілдеп келеді. Олқылықтар осы жерден кетіп жатыр. Алдын ала болжап, тиісті бағыттарды бөгесек жұрт наразы. Бұл ретте қажетті техникалар сақадай сай тұрса болғаны, жағдайды бақылауға аламыз, – деді осы жұмысқа жауапты тұлғаның бірі, «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы директорының орынбасары Олжас Ахметов.

Ақ түтекте жылда қалатын бағыттар мыналар: «Алматы-Өскемен», «Өскемен-Шемонаиха», «Өскемен-Алтай». Сәт сайын уәде беретін басқарма өкілдерінің жауабына мезі болған облыс әкімі соңғы он жыл көлемінде тек бір бағыттағы жолдарды боран алып, көліктердің қар құрсауында қалып жататындығын тағы бір мәрте айтты. «Арнайы техникалар әзір тұрса метеорологиялық қауіпті саналатын жолдар неліктен уақтылы жабылмайды?» дегенде жауапты тұлғалар тағы да тосылып қалды. Бар айтқандары: «күн райының бұзылатыны туралы хабарламалар дер кезінде жетсе болды». Олжас Ахметовтың айтуынша, қазір аймақта 162 техника бар. Қыс мезгіліне сақадай сай.

Әділхан ЕСІМХАНОВ