ШҚО-да бос орындар жәрмеңкесі өтті

311
көрілім

Облыс орталығында жұмыс іздеушілерге арналған бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға 700-ден аса адам жиналған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Мұндай жәрмеңке аудандық, облыстық деңгейде жыл сайын өткізіледі. Сол өңірдегі барлық кәсіпорындар мен мекемелерден жұмыс берушілер келіп өз ұсыныстарын білдіреді. Мақсаты – тек қолында дипломы бар тұрғындарды ғана емес, арнайы білімі жоқ жұмыссыз жандарға да мүмкіндік беруде.


- Сонымен қатар бұл шара жұмыс берушілер үшін мамандарды еңбекке орналастыру бойынша ақпараттық алаң ретінде жұмыс істейді. Барлық кәсіпорындар мен мекемелер ақпараттық анықтамалықтар, брошюралар дайындап келген. Ал қызметке орналасамын деушілер тек түйіндемелерін әкелсе болғаны, – дейді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Тимур Жигитаев.


Шараға Риддер, Өскемен қалалары, Тарбағатай, Ұлан, Глубокое аудандарынан 50-ден аса кәсіпорын келген. Әр ауданның халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары өз өңірлеріндегі бос орындар туралы ақпарат беруде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр ауданның бос жұмыс орындары бойынша сараптама жүргізіліп отырады. Әсіресе қажет мамандықтар қатарында темір және ағаш ұстасы, газ және электр дәнекерлеуші, монтаждаушы, ұстаздар, дәрігерлер бар. Тіпті көпшілік сұранысы төмен деп санайтын экономист мамандарына да зәру.


Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғимаратында өткізілген шараға колледж бен жоғарғы оқу орындарының түлектері көптеп келген.
- Оқуды енді аяқтадым. Ендігі мақсат – жұмысқа орналасу. Сол үшін де бұл жәрмеңкеге келіп, орын қарастырудамын. Өзім Шымкент қаласының тумасы болсам да Шығыста еңбек еткім келеді, - дейді ШҚМТУ «Серпін» бағдарламасының түлегі Әсет Бақытұлы.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ