ШҚО-да әскери техникалардың ерекше сайысы өтуде

321
көрілім

Өскемендегі ҚР "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери базасында БТР көлігін жүргізу бойынша ел чемпионаты өтуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өңірімізде тұңғыш ұйымдастырылған додаға алты команда қатысуда. Аталмыш сайыс Ішкі істер қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Габдулхак Чокушевтың бастамасымен өтуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Мұнда командалар "Үздік жүргізуші" және "Үздік БТР экипажын" анықтау бойынша өзара шеберліктерін байқауда. Сайыста әр экипаждың қателіктерге бой алдырмай, жарыс жолын өзгелерден жылдам жүріп өту талаптары басты назарда.

Алғашқы кезеңде қатысушылар БТР көлігімен кедергілерден өтіп, алыстағы нысанаға дөп тигізулері тиіс. Бұл жерде олардың мергендік қасиеттері сыналады.

Бір айта кетерлігі, үшінші болып өнер көрсеткен жергілікті "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының бақылаушысы үш нысанаға да дөп тигізіп, жеңіске деген сенімді қадам жасады. Қиын кедергілердің бірі саналатын су өткелі. Оның тереңдігі 3 метрден асады. Оны өтуде қатысушылар моторды өшіріп алмай, суда тоқтап қалмаулары тиіс. Әзірге командалар қателеспеуде.

Өңірлік қолбасшылықтың жүргізушілері және ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасарының жетекшілігімен үздік жүргізушілер мен үздік БТР экипаждары арасында тартыстар әлі де қыза түспек.

Әділхан ЕСІМХАНОВ