ШҚО-да кәсіпкер әйелдер тәжірибе алмасуда

347
көрілім

Өскеменде бизнеске бет бұрған бұрымдылардың қатысуымен «Ауылдық аймақтарда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» атты шеберлік сағаты өтуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыс орталығында мұндай ауқымды деңгейде алғаш рет қолға алынған шараға бірнеше аудандардан өкілдер келіп қатысуда. Айталық, Катонқарағай, Ұлан, Жарма, Көкпекті, Күршім, Шемонаиха, Зайсан, тіпті сонау Үржар сынды аудандардан ат шалдырып, кәсіпкерлікке қатысты құнды ақпарат алуға арнайы келген. ҚР «Атамекен» кәсіпкерлердің Ұлттық Палатасы Азия даму банкімен тізе қосып ұйымдастырған шара ел көлемінде де жалғасын табуда. Семинар басталарда сөз алған еуропалық қайта құру және даму банкінің ассистенті Жәния Кәрменова шараның келушілерге берері мол екендігін айтты.

– Әркім өз кәсібін жалғастырамын десе, мемлекет тарапынан қашан да қолдау табылады. Осыдан біраз жыл бұрын біздің банкте орта және кіші бизнесті дамытуға арналған жеке бағдарлама жұмысын бастаған. Бағдарламаның ерекшелігі – болашақ кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар бөлеміз. Егер ісіңіз алға баспай жатса, кейін банк оны еселеп қайтарып алмайды. Қайта жұмыстың бір қалыпқа түсуі үшін барынша жеңілдіктер қарастырады, – деді ол кәсібін енді бастағалы отырғандарға.

Бұдан соң модератор есебінде сөз алған Елена Березинская-Абилова қатысушыларды кәсіпкерлікке келгенде батылдық танытуға шақырды. Айтуынша, жұмыс алға басу үшін әр адамның бойынан тіл табысқыш, ойын тез жинақтай білу, ізденіс, зерттеу жүргізу және ақшаны орынды жұмсай білу сияқты қасиеттер болу тиіс. Одан бөлек, әйел адамдар кәсіпкерлікке қадам басса, аздаған уақыттан кейін «Іскер әйелдер кеңесі», «Іскер әйелдер достығы» сынды топтар құрып, тәжірибе алмасса көп нәрсеге қанық болар еді дейді. Сондай-ақ модератордың пікірінше, Жарма және Көкпекті аудандары аталмыш семинарларға қалмай қатысып келеді.

– Шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіргім келеді. Облыс көлемінде іскер әйелдер бас қосып, маңызды мәліметтер алуға жиналдық. Өзімнің кәсіп ашқаныма бір жыл болды. Енді бір көлшікте қалқып тұрғаннан гөрі, теңізге шығып, ағыспен қозғалғанды жөн көремін, – дейді Көкпекті ауданы Үлкен Бөкен ауылынан келген кәсіпкер Раушан Нұрғалиева.

Шеберлік сағаты екі күнге жалғаспақ. Мұнда қатысушыларға теориялық кеңестермен қатар практикалық тапсырмалар да берілуде.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосуреттер автордікі