ШҚО-да кейбір кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді сауда сөрелерінен әдейі алып тастайды

446
көрілім

Бұл туралы ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және оның еншілес компанияларының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу кезінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сыртқы талдау «Ертіс» ӘКК қызметін реттейтін ұйымдастырушылық-басқарушылық және нормативтік-құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында жүргізілді. Аталған талдаудың қорытындысы ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтің қатысуымен «Аманат» партиясының облыстық филиалы алаңында талқыланды.
Жүргізілген талдау барысында өңірдің тұрақтандыру қорының тетіктерін іске асыру бойынша «Ертіс» ӘКК қызметінде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған азық-түлік тауарларының жедел қоры болып саналады.
Өз кезегінде «Ертіс» ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бағытындағы уәкілетті өңірлік ұйым екенін айта кеткен орынды.
Осылайша, талдау барысында павильондарды жалға алушылардың өнімдерді сатуға мүдделілігі өте төмен екені анықталды, өйткені павильондарды жалға алушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үстемеақысыз өткізеді, яғни әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатудан кіріс алмайды.  
- Бұдан басқа, кейбір кәсіпкерлер ӘКК тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды өткізу бойынша күн сайынғы бақылаудың жоқ екенін біле отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды (үстемесіз сатылатын) павильондар сөрелерінен әдейі алып тастайды, сондай-ақ белгіленген бағаларды көтереді, - делінген мәліметте.
Сайып келгенде, ӘКК тарапынан күнделікті бақылаудың немесе мониторингтің болмауынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларға бағаларды тұрақтандыру бағдарламасын сапасыз орындау тәуекелі туындайды.
Бақылауды белгілеу мақсатында ӘКК тұрақтандыру қоры павильондарының жұмыс сапасы бойынша азаматтардың шағымдарын қабылдау және оларға жедел ден қою үшін ӘКК қызметкерін бекіте отырып, call орталықты, сондай-ақ әрбір павильонда Call орталықтың байланыс ақпаратын орналастыра отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өткізу бағасының жоғары болу фактілерін енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ тұрғын үй салу және пәтерлерді сату кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Талдау көрсеткендей, ӘКК-де пәтерлерді сату бойынша қандай да бір регламенттейтін ішкі құжаттар (әдістеме, шарт) жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пәтерлерді брондау әдістемесі түрінде ішкі нормативтік актіні әзірлеуді және оны одан әрі іске асыру кезінде, пәтерлерді броньдауды жүзеге асыру және өткізу бойынша ӘКК-ге жауапты адамды тағайындауды, сондай-ақ пәтерлерді өткізу процесін жеделдету үшін ӘКК сайтында және басқа да интернет-ресурстарда, БАҚ-та қысқа мерзімде бос пәтерлер туралы ақпаратты жариялауды ұсынды.