ШҚО-да көпқабатты үйлердің терезесінен балалардың құлау оқиғасы жиілеп кетті

290
көрілім

Облыстық ТЖД мамандары балаларын үйде жалғыз қалдыратын ата-аналарға сақтықты күшейтуді ескертуде. Алайда үлкендер қасында болса да кішкентай балалардың терезеден құлап кету фактілері жиілеген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Осы жағдайға қатысты Өскеменде үш, Семейде екі және Күршім, Алтай аудандарында бір-бір оқиғадан тіркелген.

– Барлық жердегі келеңсіз жайттың желісі бірдей деуге болады. Қараусыз қалған балалар еш алаңсыз арнайы торшалары жоқ терезенің алдына шығамын деп төменге құлайды. Аталған оқиғалардың төртеуінде балақайлар орта және ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Қалған үш жайтта дәрігерлер дәрменсіз болды, – дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Оқыс жағдай болмас үшін:

1. Үйде балалар болғанда ешқашан терезелерді ашық тастамаңыз! Қасында жүрсеңіз де сақ болғаныңыз жөн!

2. Москит торларын қауіпсіздік ретінде пайдаланбаңыз! Балалар торға сүйенемін деп құлап кетеді.

3. Баланы еш қараусыз қалдырмаңыз!

4. Терезеге бұғаттағыштарды орнатыңыз. Желдету үшін мүмкіндігінше терезенің астыңғы емес үстіңгі жағын ашыңыз.

5. Бала байқаусызда шығып кетпес үшін терезе алдына жиһаз қоймаңыз.