ШҚО-да өмірден өткен дәрігерлердің жақындарына мемлекеттік марапаттар табыс етілді

360
көрілім

Қауіпті індетке қаймықпай қарсы тұрып, коронавирусқа қарсы күресте науқастар өміріне араша боламын деп қайтыс болған  шығысқазақстандық төрт дәрігерге облыс әкімі Даниал Ахметов құрмет көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Үздік деген төрт дәрігеріміз, Нұргүл Баркибаева, Бекжан Бұланов, Фарида Тусунбаева және Мұхамедхан Мұсабеков COVID-19-ға тосқауыл қою кезінде көз жұмды. Әрқайсысы науқастар өмірін құтқарамын деп бастарын бәйгеге тікті. Тәуліктеп үй бетін көрмей, індет кеулеп тұрғанда жақындарының жанында бола алмады. Шаршаса да жұмыстарын орта жолда тастамай, өздерін жауапкершілігі мол, кәсіби маман ретінде көрсетті. Біз, өңір тұрғындары, олардың елеулі еңбектерін естен шығармаймыз, – деді Даниал Ахметов.


Аймақ басшысы марқұмдардың жақындарына төс белгілер табыстады. II дәрежелі «Барыс» ордені жоғары категориялы кардиохирург-дәрігер Бекжан Бұлановқа берілді. Білікті дәрігердің еңбек жолы «Семей медициналық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Университет госпиталі жүрек-қан тамырлар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенде үзілді. Артында жұбайы мен үш баласы қалды.


«Семей медициналық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Университет госпиталінің дәрігері Нұргүл Баркибаева «Құрмет» төс белгісімен мараптталды. Әріптестері мен науқастар білікті маманды сағынышпен еске алуда. Нұргүл Рамазанқызының соңында екі қызы қалды.


«Құрмет» ордені Семей қаласындағы №4 емхананың эндокринолог дәрігері Фарида Тусунбаеваға берілді. Фарида Қайсенқызы зейнетте болса да жерлестерінің жұқпалы вирустан сауығып шығулары үшін тәуекел етіп, қолдан келген көмегін аямады.


Жұмысына жауапкершілік танытып, зейнет жасында болса да әріптестерімен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп, көмек беруден бір сәт бас тартпаған Мұхамедхан Мұсабековке «Құрмет» ордені берілді. Көкпекті аудандық ауруханасының офтальмологы маман тапшылығына қарай жұмысқа білек сыбана кіріскен.