ШҚО-да Президент сайлауы қалай өтті?

124
көрілім

Шығыс Қазақстанда сайлау күні 549 учаске жұмыс істеді. Оның ішінде 12 аумақтық, 537 учаскелік. Барлығы 500 мыңға жуық шығысқазақстандық дауыс беру құқығына ие болса, олардың 79,49 пайызы өз таңдауын жасаған.

Жұртты жылы қарсы алды

Өскемен қаласында жас жұбайлар Жәнібек пен Мадина отбасылық өмірлерін ерекше бастады. Азаматтық хал-актілерін жазу бөлімінен кейін олар президент сайлауында дауыс беру үшін бірден сайлау учаскесіне барды. Ерлі-зайыпты №49 учаскеде тіркелген.

- Бүгін біздің отбасы үшін тарихи күн. Бұл күннің ел болашағы үшін маңызы зор деп есептейміз. Сондықтан сайлауға қатысып, өз дауысымызды бердік. Еліміз дамып, өркендей берсін, - деді Жәнібек Ахметов.

Азаматтық ұстанымын көрсетіп сайлауда алғаш дауыс берген жастарға естелік кәдесыйлар табыс етілді. Соның бірі – Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенті Мәди Құдайберген. Оның үстіне 20 қараша оның туған күні.

- Еліміз үшін осындай маңызды күнде 20 жасқа толып отырмын. Бірінші рет сайлауда дауыс бердім. Болашақта ұстаз болып, мемлекетіміздің дамып, өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді, - дейді студент.

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да сайлауда дауыс берді. Сондай-ақ атақшы спортшының 18 жасқа толған қызы Анастасия қазір Түркияда спорттық жиындарда болғанына қарамастан, сол жерден дауыс беріп, өміріндегі алғашқы сайлауға қатысты.

- Қазір әлемде түрлі жағдайлар болып жатыр. Сондықтан еліміз үшін осындай тарихи күнде белсенді азаматтық ұстаным танытып, дауыс беру өте маңызды. Біз тұрақтылықты, экономиканың жақсаруын және азаматтардың әл-ауқатының артуын таңдаймыз, - деді Олимпиада чемпионы.

Катонқарағай ауданындағы учаскелерде сайлаушыларды ыстық шай мен жылы бауырсақпен қарсы алды. Үлкен Нарын ауылының кәсіпкері Айтжамал Нұрпейісова жерлестеріне өз өнімдерін ұсынды.

- Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Барлық дауыс берушілерді жылы қарсы алуда. Сол үшін рахмет! Республикамыз өркендеп, ел жастары өсе берсін! Мен Қазақстанымыздың жарқын ертеңіне сенемін!, - деді жергілікті тұрғын Гүлнази Амангулова.

«Көптің көңіл-күйі жақсы»

Өскемен қаласындағы Қаныш Сәтбаев даңғылында орналасқан Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейде екі сайлау учаскесі бар. Таңертеңнен түске дейін онда келіп жатқан халықтың арасы үзілмеді. Газет тілшісі учаскеге барып, ондағы ахуалмен танысып, сайлаушылардың белсенділігін көріп қайтқан болатын. Мектеп директоры Жаңыл Назарбаеваның айтуынша, мұнда азаматтар өз дауыстарын беруі үшін барлық жағдай жасалған.

- №3 учаскеге Сәтбаев даңғылы 12, 12/1, 12/2, 12/3, 14, 14/1, 14/2, 14/3, 16, 16/1, 16/2, 30 мекенжайлары, №4 учаскеге Өтепов көшесі 2, 27, Жастар көшесі 12, 14, Сәтбаев даңғылы 6, 6/1, 8, 8/1, 8/2, Есенберлин даңғылы 19, 21, 23, 23/1, 23/2, Қазыбек би даңғылы 46, 48, 50, 52 мекенжайлары кіреді. Екі учаскеде барлығы 4673 адам тіркелген. Таңертеңнен бері осында келіп дауыс беріп жатқандар көп. Өзіңіз көріп тұрғандай кезек те қалыптасқан. 11 қазақстандық және 2 халықаралық байқаушы отыр. Мүгедектігі бар жандарға да талапқа сәйкес жағдай жасалды. Егер бір адамның денсаулығы сыр беріп жатса медпункте тиісті көмек көрсетіледі. Сайлау учаскелері таңғы сағат 7-де ашылды. Бірақ 30-ға жуық адам таңғы 6-да басталады деп ойлап, 1 сағаттай ерте келген. Учаске ашылғанда бәрі кезекке тұрды. Жұрттың көңіл-күйі жақсы. Арасында жастарды көргенде қуанасың. Жалпы басқа сайлауларға қарағанда бүгінгі сайлауда жұрттың белсенділігі ерекше, - деді ол.

Байқаушылардан да сайлаудың қалай өтіп жатқанын сұрап көрдік.

- Таңертеңнен бері осында сайлау барысын бақылап отырмыз. Ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Дауыс беріп жатқан азаматтар өте көп, - дейді байқаушы, «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының өкілі Вадим Антипин.

Нәтижесі жария етілді

22 қарашада ҚР Орталық сайлау комиссиясы отырысында кезектен тыс президент сайлауының түпкілікті қорытындысы жарияланды.

- Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8% сайлаушы таңдаған. Сонымен бірге, Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген. Нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады. Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды, - дейді ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ