ШҚО-да ТМД мен Қазақстан бойынша алғаш рет көру қабілетінен айырылған балаларды жазғы лагерьге бейімдеуде

281
көрілім

«Дарын» Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми практикалық орталығы Таулы Үлбідегі демалыс лагерінде көру қабілетінен айырылған бүлдіршіндерді демалтуда. Қараңғылыққа емес қалыпты өмірге дағдыландыру мақсатында ұйымдастырылған демалыс күндеріне жеткіншектер ата-аналарымен бірге келген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


– Лагерьге келген күннен бастап олардың бейімделуіне атсалысудамыз. Сол үшін түрлі үйірмелер мен жаттығулар, ойындар ойнатудамыз. Алғашқы күні балаларда қорқыныш, қобалжу сезімдері байқалды. Алайда сатылы түрдегі бейімдеу жұмыстары өз нәтижесін беруде, – дейді лагерь директорының орынбасары Жанна Оразғалиева.
Нұр – Сұлтан және Өскемен қалаларынан жиналған бүлдіршіндер 28 маусымнан бастап 4 шілдеге дейін көркем табиғат аясы мен таза ауада тынығуда. 7 және 15 жас аралығындағы балалар демалысы облыстық Білім басқармасы мен «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен өткізілуде.
– Бұл біздің бастамамызбен жасалған теңдессіз жобаның бірі. «Әлемді ашамыз» жобасы аясында білім беруге ықпал жасап, жалпы білім беретін мектептерде отбасынан алыстамай мектеп - интернаттарда оқи алады. Еліміздің 5 ауданында 35 бала осы жоба бойынша оқуда. Осы сияқты облыстық Білім басқармасы мен «Дара» қайырымдылық қоры 15 баланы Таулы Үлбі жағасында өнер мен білімге, толыққанды өмірге үйретуде, – дейді қордың жоба және бағдарламалар жөніндегі директоры Марал Шешембекова.


Күнделікті өмірде үй жағдайында оқу оқып, алыс өңірге шығып көрмеген балалар бірінші рет шалғай ауданға сапар шегіп тұр. Сондықтан әр баланың жанында әкесі немесе анасы бірге жүр.
Айтып өткендей, бұл жоба алғаш рет ұйымдастырылған. Қазақстанда осындай істі алып кететін арнайы мамандар болмаған соң Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университеті тифлопедагогика кафедрасының доценті Венера Денискина 2014 жылдан бастап «Дара» қайырымдылық қорымен байланысын үзбей келеді.
– Мен өзім көру, есту, иіс сезу қабілеті өте нашар мүгедектер қатарына жатамын. Алайда барлық нәрсе адамның қалыптасуына, өзін-өзі тәрбиелеуіне байланысты болмақ, – дейді Венера Денискина.
Отандық тифлопедагогтарға жыл сайын дәрістер мен оқыту курстарын өткізіп, ерекше күтімді қажет ететін балаларды бейімдеу бойынша жазған еңбектері мен оқулықтарын табыстап жүр. Профессордың сөзінше, алғашқы жылдары отандық мамандардың көру қабілетінен айырылған балалармен жұмыс жөніндегі білімдері өте аз болған. Арнайы коррекциялық кабинеттер, орталықтар да табылмаған. Дегенмен соңғы жылдары 5 арнайы сынып ашылды. Соның бірі Өскемен қаласындағы №19 қосымша білім беру мектеп – орталығының базасында орналасқан.
Демалысқа келген бүлдіршіндер осы уақытқа дейін көп нәрсені үйреніп үлгерген. Олар үшін қатысуға ниет білдірген барлық үйірмелерге жол ашық. «Хореография», «Вокал», «Робототехника және инженерия», «Сабын қайнату» сынды қызықты кабинеттер ата – аналар мен балалардың жанын одан әрі жадыратуда.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ