ШҚО-да тұрғындар наразылығын туғызған шошқа фермасының иесіне айыппұл салынды

394
көрілім
Шартты фотосурет

Өскемен қаласы мен Глубокое ауданы Степное, Шмелев Лог ауылдары халқының шағымынан соң шошқа фермасына табиғат қорғау заңнамасы талаптарының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осы жылдың 3 наурызында тұрғындар шошқа фермасы мен мал сою алаңынан шыққан қалдықтардың адам денсаулығына және табиғи ортаға келтіретін зияны туралы айтқан. Бұдан кейін ШҚО Экология департаменті Глубокое ауданындағы «Родничок» шаруа қожалығына тиесілі аталған фермаға тексеру жүргізілетінін хабарлаған еді. Анықталғандай, шошқа фермасы 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қала әкімдігінің қаулысымен шаруа қожалығына жалпы ауданы 19,6 гектар жер 49 жылға жалға берілген. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, фермада 9770 бас шошқа бар.

- Степное елді мекеніндегі шошқа өсіру кешеніне жүргізілген тексеру барысында ҚР Экологиялық кодексінің 320-бабы 3-тармағы 1-тармақшасының бұзылғаны белгілі болды. Яғни, шошқа көңі ашық далаға төгілген. Фермада қалдықтарды есепке алу да жүргізілмеген. Зертханалық зерттеулер шошқа фермасының аумағында және одан тыс жерлерде топырақ қабатының аммоний тобының зиянды заттарымен ластанғанын көрсетті. Фермадан бұдан басқа да заңбұзушылықтар анықталды. Соған орай жеке кәсіпкер бірнеше бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір ол 500 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл төледі, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Департамент мамандары шаруа қожалығының иесіне заңбұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жоспарын 10 күн ішінде әзірлеу қажеттігі туралы ұйғарым шығарды.