ШҚО-да үздік ауыл мұғалімдері анықталды

613
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірде «Үздік ауыл мұғалімі 2020» байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Байқауға Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Үржар, Ұлан, Тарбағатай, Алтай аудандарынан, сондай-ақ Өскемен, Семей және Риддер қалаларынан барлығы 17 шағын жинақты мектеп мұғалімдері қатысты.

«Мен табысты мұғаліммін» атты конкурстың бірінші турында қатысушылар педагогикалық тәжірибелерін қорғаса, екінші турда бірлескен сыныпта «Шағын жинақталған мектептегі үздік сабақ» тақырыбында бейнесабақтар көрсетті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Бесқарағай ауданының Өндіріс орта мектебінің химия және биология пәні мұғалімі Кулимхан Айтбуланова жеңіп алды. Екінші орынды екі оқытушы – Алтай ауданы Чапаев орта мектебінің химия және биология пәні мұғалімі Наталья Каблукова мен Катонқарағай ауданы С.Түкібаев атындағы Еңбек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Меруерт Князбаева иеленді. Үшінші орынға Үржар ауданы Қарабүйрат орта мектеп – бақшасының математика пәнінің мұғалімі Жаңылхан Исаджанова, Ұлан ауданының С. Аманжолова атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айжан Аришева және Көкпекті ауданы А.С. Пушкин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Асхар ие болды.

Сонымен қатар бес оқытушы номинациялар бойынша жеңіске жетті. «Жаңашыл мұғалім» номинациясы бойынша Аягөз ауданы Т.Есімжанов атындағы жалпы білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімі Айнұр Смағұлова үздік атанды. Риддер қаласы Бутаково ауылының негізгі орта мектебінің өзін-өзі тану мұғалімі Иван Кадыров «Білікті педагог» номинациясын жеңіп алды. Күршім ауданы Монукой негізгі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фарида Конакова «Үздік ойшыл-мұғалім» атанды. «Кәсіби мұғалім» номинациясы бойынша Абай ауданы С.Бекбосынов атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Үмітқан Шаянбай марапатталды. Глубокое ауданы М.Ғабдуллин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ләйлә Жамағанова «Шығармашыл ұстаз» номинациясы бойынша үздік атанды.