ШҚО-да үздік медицина қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды

284
көрілім

Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстың денсаулық сақтау саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. ШҚО Драма театрында өткен шараға келген дәрігерлер лайықты құрметке ие болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

- Медицина саласы – ең басты, әрі маңызды сала. Құрметті денсаулық сақтау саласының мамандары, сіздер адамдардың өмірі үшін күресіп, оларға үміт сыйлап жүресіздер. Осы үшін сіздерге алғысымыз шексіз, - деді салтанатты жиында облыс әкімі.

Осындай маңызды күні ақ халаттыларға ақ түйенің қарны жарылғандай болды. Себебі мейрамның құттықтауынан бөлек дәрігерлерге жемісті еңбектері үшін бірқатар сыйлықтар тарту етілді.

«Сенім» дәрігерлер кәсіподағы жас мамандардың жұмысын бағалап ақшалай сертификаттар мен алғыс хаттар табыстаса, облыс әкімі бірнеше абзал жанға пәтер кілтін беріп, еңбектерін бағалады. Бұдан басқа «Ең үздік травматолог», «Ең үздік дәрігерлер бригадасы», «Ең үздік дәрігерлер бөлімі» сынды бірнеше номинация өз иелерін тапты.

- Жуықта ғана республикалық жас дәрігерлер форумына барып қайттық. Көптеген баяндамалар оқылып, мастер-класстар, тәжірибе алмасулар өтті. Сондықтан бізге жағдай жасаған облыстық Денсаулық сақтау басқармасына алғыс айтамын. Әріптестеріме талмас қайрат пен табыс тілеймін, - деді қаржылай сертификатқа ие болған жас дәрігер - эндоскопист Медғат Базарұлы.

Мерекелік кеш соңы облыс өнерпаздары дайындаған ән мен биге ұласып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ