ШҚО-да XXI Халықтық спорт ойындары басталды

609
көрілім
Фотосурет - облыс әкімінің баспасөз қызметінен

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы аясында ШҚО-да ХХІ Халықтық спорт ойындары басталды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов киіз үй қалашығы мен этноауылды аралап, әртүрлі этнос өкілдерінің ұлттық спорт ойындарын тамашалады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалашықтағы киіз үйде әр халықтың тынысынан сыр шертер тұрмыстық заттар, ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдарды көруге болады. Семейдің шеберлері қазақтың «іс тігу», «жүн сабау», «жүн иіру» сияқты қолөнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Бұған қоса, татар ұлтының «Құда той», яғни, келінді таныстыру салты көрсетілді. 

- Әр киіз үйде қазақ, татар, орыс және басқа ұлттардың мәдениетін, яғни, біздің елде бірлік пен келісімде тұрып жатқан сан алуан этностардың мәдениетін көре аламыз. Ұлтымыздың тұсаукесер рәсіміне қатыстып, татарша келін түсіру, орыс ұлтының қонақ күту дәстүрін тамашаладым. Бұл, ең бірінші, Қазақстан халқының татулығын көрсетеді, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

 Биыл облыс орталығындағы ипподромда өтіп жатқан «Бір шаңырақ астында» атты киіз үй фестивалі Халықтық спорт ойындары аясында ұйымдастырылған. Фестивальге барлығы 17 киіз үй тігілген.

XXI Халықтық спорт ойындары 21 спорт түрінен өтеді. Қатысушылар көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, бәйге, қол күресі, гір көтеру және басқа да спорттық ойын түрлерінен бақ сынасады..  

ШҚО әкімінің жүлдесіне ұйымдастырылған сайыс төрт күн бойы жалғасады