ШҚО-да жаңа жылдан бастап 12 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақыға ие болмақ

338
көрілім

Өңірде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға берілуге тиіс жәрдемақы мөлшері белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жаңа мемлекеттік жәрдемақы төрт және одан артық кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар немесе кіріс сомасынан тыс ақылы түрде оқитын 23 жасқа толмаған баласы бар отбасыларға берілмек. Аталған жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалардың санына қарай тағайындалады. Белгілі болғандай, 4 баласы бар отбасы – 42496, 5 баласы барлар – 53127, 6 баласы барлар – 63757, 7 және одан артық баласы бар жанұялар 74388 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыға ие болмақ. Әр балаға берілетін жәрдемақының орташа сомасы – 10-11 мың теңге көлемінде. Бұл дегеніміз, 2018 жылдан бастап тағайындау тоқтатылған ұқсас жәрдемақыға қарағанда 4-7 есе көп. Өңірде алдын ала есептеуге сәйкес, жаңадан тағайындалған жәрдемақыны 12525 отбасы ала алады. Аймақта ұзын-ырғасы сегіз мыңдай көпбалалы, 5 баласы бар – үш мың, 6 баласы бар – мыңнан астам, сонымен қатар 7 баласы бар 700-ге жуық жанұя бар.

– Менің кәмелеттік жасқа толмаған жеті балам бар. Пәтер жалдап тұрамыз, қиын әрине Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрі бекітілгеннен бері тұрмысымыз сәл де болса оңалып қалды. Естуімше, жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға жаңадан жәрдемақы тағайындалып, кепілдендірілген арнайы жоба бекітіледі. Мемлекет тарапынан мұндай көмек көрсетіліп жатқандығына өте қуаныштымын, – дейді семейлік Раушан Ахметова.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, республика көлемінде көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 346 мың отбасы үміткер бола алады. Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау білдірудің алғашқы үш бағыттарының бірі болып саналады.

– Еңбекке қабілетті тұрғындар шама-шарқынша жұмыс істесе, мемлекет те қолдауын аямайды. Айталық, жұмысқа тұрғызу немесе кәсіпкерлікке оқыту. Мемлекеттік қызметке көпбалалы отбасынан шыққан балаларды қолдау, аз қамтылған жанұяларға АӘК тағайындау, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді, – дейді ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.