ШҚО-да жеке сот орындаушылары тарапынан алимент өндіру жұмыстары төмендеген

334
көрілім

Алимент өндіру мәселесі ШҚО Прокуратурасының алқа отырысында қаралып, жекеше сот орындаушыларының заңмен қарастырылған қажетті шараларды қолданбауы салдарынан алименттің өндірілуі төмен екені айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыс бойынша 350 борышкер жұмыспен қамтылған болса да оларға жекеше сот орындаушылар алиментті олардың жалақысынан ұстау шараларын қабылдамай отыр. Сондай-ақ алимент төлеу мерзімі мен дұрыстығына бақылау жасамағаны белгілі болды.

– 292 өндіріс бойынша борышкерлердің пәтерлері мен автокөліктеріне тыйым салынбаған. Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы мүлікті бағалау мен сату жүзеге асырылмаған, нәтижесінде 60 борышкер жыл басынан бастап алимент берешектерін төлемей, меншігіндегі көліктерін сатып үлгерген. 800 борышкердің жүргізуші куәліктерін қолдану мерзімін уақытша тоқтату мақсатында шаралар қабылданбаған, – деп хабарлады ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметі.

Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде алимент бойынша 132 млн. теңге берешек өндіріліп, 157 борышкер жұмыспен қамтылды, тағы да 190 борышкер жұмыссыз ретінде есепке қойылған. Қылмыстық жауапкершілікке 18, әкімшілік жауапкершілікке 10 борышкер тартылғаны анықталды.